Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев марқұм Шерзат Болаттың отбасына өрттен кейін неге жаңа баспана берілмегені туралы сұраққа жауап берді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Әкім отбасына бірден көмек көрсетілгенін айтты.
«Үйге келер болсақ. Біз өз көмегімізді ұсындық. Үй салуға көмектескісі келетін қайырымды жандар бар. Үй иелерінің рұқсаты керек. Сондай-ақ қысқы кезеңде құрылысқа қатысты жоспарлау құжаттарын келісу туралы ұсыныс жасадық. Тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне келсек, біз оларға ұсыныс жасадық, бірақ олар сол ауылда ата-анасының үйінде тұруды жөн көрді», — деді Сұлтанғазиев.
Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат көз жұмды.
Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.
Қазіргі таңда кінәлі деп танылған 11 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Көп ұзамай, яғни 9 желтоқсанда марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев ажал құшты. Полиция департаментінің алдын ала деректері бойынша, ол суицид жасаған. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрқанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті.
Хабарламада ол туысқандарымен қоштасып, жиенінің жанына жерлеуді сұраған. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.