Үкімет сағатында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі сынға ұшырады. Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы МӘМС-ті тоқтата тұруды ұсынды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
«МӘМС-тің жұмыс істей бастағанына алты жыл болды. Марқұм азаматтарды да тіркеп жіберді. «Үш-төрт айлық балалардың тісін емдеттік» деп те қор ақша алып жатқанын көріп отырмыз. Былтыр Президент Үкімет сағатында тапсырма берген медициналық көмектің бірыңғай топтамасы да жасалған жоқ. Былай қарағанда МӘМС-ті жасау арқылы халықты сынақ алаңына салып жіберген сияқтымыз», — деді депутат.
Нартай Аралбайұлының айтуынша, бұрынғы жүйе де, қазіргі жүйе де жұмыс істемейді.
«Халық қайда барып ем аларын білмейді. Сондықтан менде мынандай ұсыныс: министр ханым, онсыз да басы қатып жүрген елдің басын қатырмай, мүмкіндік болса, нақты 100% дұрыс жұмыс істейтін деңгейге жеткенше МӘМС жүйесін неге тоқтата тұрмасқа?!
Өйткені біздің елімізде 20 млн адам бар, оның 3,5 млн адамы тіркелмеген. 16 млннан аса адам қалады. Оның ішінде 14 млн адамның медициналық шығынын мемлекет көтереді. Сақтандыру төлеп отырған 2 млн ғана адам қалады. Оны басқаша бір емдеудің жолын табармыз. МӘМС-ті бір жүйеге келтірсек», — деді ол.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова депутаттың сауалына жауап берді.
«МӘМС жүйесінің жеткен жетістіктері де аз емес. Жаңадан жасалған жүйе болған соң кемшіліктері де болып жатыр. Сіздермен бірлесе отырып, бұл кемшіліктерді жоямыз деп ойлаймын. Денсаулық сақтау министрлігі тиісті жұмыстарды бастап кетті. Сондықтан жүйені әрі қарай қолдап, жетілдіруді қажет етеді деп білемін», — деді министр.