Астанада танымал әнші Маржан Арапбаеваның байы әйеліне көпшілік көзінше қол көтергені үшін 10 тәулікке қамауға алынды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оқиға қаңтардың алғашқы күндерінде, түн ауған шақта елордадағы көңіл көтеру орындарының бірінде болған. Демалуға келген жұрт күтпеген жерден айқай-шу мен боқтық сөзге куә болғанын айтады.
43 жастағы азамат жанындағы әйелмен ұрысып, оны жұрт алдында масқаралап, ар-намысына тиетін сөздер айтқан. Ашуға ерік берген ер адам әншіні шашынан сүйреп, жұлқылай бастаған.
Жанжалға куә болғандар тез арада тәртіп сақшыларын шақырған. Оқиға орнына жеткен полиция бұзақыны ұстап, үстінен әкімшілік іс қозғаған. Сот азаматтың әрекетін «ұсақ бұзақылық» деп бағалап, оны он тәулікке темір торға қамауға шешім шығарыпты.
Елорда полициясының мәліметінше, ұсталған азамат Астана тұрғыны. Әншінің алған дене жарақатына қатысты жеке шағым да тіркелген. Қазір тәртіп сақшылары оқиғаның егжей-тегжейін анықтап жатыр.
Әлемжеліде аталған жайт қызу талқыланып, қолданушылар танымал әншінің басынан өткен оқиғаға алаңдаушылық білдіріп отыр.
Ал Шымкенттегі трагедия тың мәліметтермен толығуда. Депутат Әбенов қаскөйдің қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайға қатысты пікір білдіріп, полиция басшылығын жұмыстан қууды талап етті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

