АҚШ-тың Мәскеу биржасына салған санкциясынан Қазақстанға зардап шекпейді. Сарапшылар сөзінше, санкция Қазақстан қор биржасына (KASE) еш кедергі келтірмейді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
АҚШ-тың Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) Мәскеу биржасын арнайы санкциялық тізімге (SDN) енгізген еді. Бұл шешім Мәскеу биржасының америкалық банктердегі шоттарын бұғаттап, АҚШ азаматтарына онымен әріптестік орнатуға тыйым салуды білдіреді.
Осы себепті Мәскеу биржасы доллар және еуромен сауданы тоқтататынын хабарлады.
Қазақстан қор биржасының баспасөз қызметі мәлімдегендей, Мәскеу биржасына салынған санкциялар KASE-ге құқықтық тұрғыда әсер етпейді. Себебі санкция тек жарғылық капиталының кемінде 50 пайызына иелік ететін компанияларға тікелей қатысты. Ал Мәскеу биржасының KASE-дегі үлесі небәрі 13,1 пайыз болғандықтан, бұл жағдай Қазақстан биржасының қызметіне қандай да бір кедергі келтірмейді.
«Қазақстан қор биржасы мен KASE клиринг орталығы күнделікті тәртіппен жұмысын жалғастырып жатыр. Сауда-саттық, клирингтік есеп айырысу процестері бұрынғы қалыпты режимде өтуде. Әрине, санкцияларға байланысты Мәскеу биржасымен іскерлік қатынастардың жай-жапсары қайта қаралады», – делінген KASE мәлімдемесінде.
Экономист Расул Рысмамбетовтың айтуынша, Ресейге салынған санкциялар Қазақстан нарығына тікелей емес, жанама түрде ықпал етеді. Әсіресе рубль бағамының төмендеуі қазақстандық ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілерге әсерін тигізуі ықтимал.
«Ресейдегі қаржылық жағдайдың нашарлауы бізге жанама түрде әсер етеді. Әсіресе рубль құнсызданса, қант, сүт, астық өнімдерін шығаратын отандық кәсіпкерлерге оңай соқпайды», – дейді сарапшы.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның қаржы нарығы қазіргі санкциялар аясында қалыпты жағдайда жұмысын жалғастырады, дегенмен көрші елдегі ахуалға үнемі мониторинг жүргізіп отыру қажет.

