Бектенов үкіметі Ресей мен Беларүстен келетін автокөліктердің жолына кедергі қоюға бекінді. Енді осы елдерден келген темір тұлпардың утиль алымы бірден 40 есе өсуі мүмкін деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Экология министрлігі осындай ұсыныс әзірлеп, жұрт талқысына ұсынды. Министрлік мұны Қазақстан көліктеріне Ресей мен Беларусьтің қойған кедергісіне жауап ретінде түсіндіріп отыр.
Былтыр ресейлік кеден Қазақстанда құралып, Ресейге кірген Kia, Hyundai, Skoda секілді көліктерден қосымша утиль алым талап еткен. Орыстар мұны «реэкспорт» деп танып, әр көлікке орта есеппен 1-1,5 млн рубль қосымша төлем салған-ды.
Астана да әлгі тәжірибені қайталап, қарымта ретінде Ресей мен Беларусьтен кіретін көліктің утиль алымын еселеп өсірмек. Қазір 1-2 литрлік қозғалтқышы бар автокөлік үшін утилизациялық алым шамамен 540 мың теңге шамасында болса, жаңа ереже бойынша ол бірден 20 миллион 800 мың теңгеге шарықтайды. Өсім бе, өсім 38,5 есе.
Шара тек жеңіл көлікпен шектелмейді
Үкіметтің тағы бір мақсаты Ресей мен Беларустен келетін ауылшаруашылық техникасының тасқынын тежеу.
Қазақстанда осы елдердің техникасын құрастыратын кәсіпорындар бар, сондықтан билік жергілікті өндірісті қорғауды көздейді.
Кремль? Орыстар үшін Қазақстан нарығы аса маңызды. Бұрын Lada автокөлігі Қазақстанда Hyundai-дан кейін сатылым бойынша екінші орында тұрған. Кейін «АвтоВАЗ» өндірісі ел аумағында толық тоқтап, нарықтағы үлесі күрт төмендеген еді. Былтыр осы көрсеткіш қайта өсіп, Ресей көліктерінің импорты төрт есе артқан. Соған қарамастан, ресейлік автокөліктің ел нарығындағы үлесі әлі де 3 пайыздан аспай отыр.
Көршіміздің Ұлттық автомобил одағы вице-президенті Антон Шәпәриннің айтуынша, «Астана осы арқылы АвтоВАЗ-дың жолын жаппақ, өйткені Мәскеу өз нарығын өзгелерден баяғыда жауып қойған». Болжамынша, Ақорданың экономикалық блогы мұнымен шектелмейді, болашақта қазақ нарығына түсетін орыстың өзге де тауары бұғатталуы ғажап емес. Шәпәрин мұны «Еуразиялық экономикалық одаққа жасалған саботаж» деп бағалап отыр екен.
Министрлік бастамасы мақұлданса, Ресей мен Беларусьтен келетін көліктің тасқыны сап тыйылады дейді сарапшылар. Бектенов үкімет осы арқылы автокөлік нарығындағы әділетсіздікті жойып, ел мүддесін қорғауды мақсат тұтып отыр.
Бұған дейін біз ресейлік рубльдің ел нарығын басып алғанын егжей-тегжейлі жазған едік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

