Қазақстанда 16 жасқа толмаған балаларға әлемжеліге тіркелуге тыйым салу қажет. Депутаты Ерлан Сайыров осындай өткір ұсыныс жасады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутаттың айтуынша, балаларды зиянды контенттен қорғау мен құқыққа қайшы ақпаратты бұғаттау бойынша қазіргі шаралар цифрлық технологиялардың даму қарқынынан әлдеқайда артта қалып қойған.
Оның үстіне интернет бүгінгі таңда жай ғана ақпараттық алаң емес, бүтін бір идеологиялық күрес майданына айналған.
«Қоғамда мынадай қағида бар: балаға мемлекет тәрбие бермесе, оны көше тәрбиелейді. Ал бүгінгі заманда көшенің орнын әлеуметтік желі алгоритмдері басып алды.
Жастардың бойында цинизм, агрессия мен ешкімді мойындамау көзқарастары тамыр жайып кетсе, ертең олардан заңды құрметтеп, елге жанашыр болып өсуін күту құр әурешілік.
Цифрлық орта бұл енді тек мәдениет пен ақпарат мәселесі емес, бұл ұлт қауіпсіздігінің басты мәселесіне айналып отыр», – деді Ерлан Сайыров.
Сайыров халықаралық тәжірибені мысалға келтіріп, Франция, Норвегия және Испанияда әлеуметтік желілерге тіркелуге жас бойынша шектеулер қойылғанын атап өтті. 2025 жылы Еуропарламент те Еуроодақ елдерінде әлеуметтік желілерді өз бетінше пайдалану үшін ең төменгі жасты 16 жас деп бекіткен болатын.
«Бізге де осы тәжірибені қарастыратын кез келді. Үкімет кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желілерге кіруіне заңнамалық тұрғыда шектеу қоюды жоспарлап отыр ма?
Балалардың ақпараттық қауіпсіздігін қорғау бойынша нақты мемлекеттік саясатты қалайша жүзеге асырамыз?
Құзырлы органдардың арасындағы өзара әрекет қалай үйлестірілмек?» – деп депутат Үкіметтен нақты жауап талап етті. Айта кетелік, әзірде ғана Мәдениет және Ақпарат министрі Аида Балаева дәл осындай ұсыныспен шыққан. Соған қарағанда осы мәселеде Балаева-Сайыров тандемі жұптасып жұмыс істейтін тәрізді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

