Қазақстандық футбол клубтары жекенің қолына өтпек деп хабарлайды Ertenmedia.
Президент Тоқаев кәсіпқой футбол командаларын мемлекет есебінен асырауды тоқтатуды тапсырған еді. Осы орайда депутаттық сауалға жауап қатқан премьер Бектенов футбол клубтарын сатып алуға ірі бизнес өкілдері мен компаниялар қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.
Үкімет басшысы атап өткен инвесторлар қатарында Central Asia Fuel and Energy Company (иесі Сергей Кан) «Қызыл-Жар» клубын сатып алуға дайын.
Freedom Finance негізін қалаған Тимур Турлов «Шахтер» клубына арнайы стадион мен футбол академиясын тұрғызуды көздейді.
Ал Михаил Ломтадзенің Kaspi Group компаниясы елордалық «Жеңіс» клубын иеленіп, Астанада футбол инфрақұрылымын дамытпақшы.
TAU GROUP LTD басшысы Ислам Қозыбақов өз кезегінде «Қайсар» клубын өз қолына алуға мүдделі.
Бұдан бөлек, «Тараз», «Елімай» мен «Ертіс» клубтарына қатысты қызу келіссөз жүріп жатыр. Үкімет футбол клубтарын тезірек жекешелендіру үшін 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды қайта қарап, құжатты тиісті мемлекеттік органдармен келісу үстінде.
Әзірше аталған клубтардың бәрі бюджет есебінен күн көріп отыр. 2025 жылы ел бюджетінен футболға 34,9 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде кәсіби командаларға 31,8 млрд теңге, ал балалар мен бұқаралық спортқа небәрі 3,1 млрд теңге қарастырылған.
Бас аудитор Әлихан Смайыловтың тексеруі жыл сайын миллиардтаған қаржының бейберекет шашылғанын көрсетуде.
2021-2025 жылдар аралығында 12 тексеріс жүргізіліп, 100-ден астам заңсыздық анықталған. «Ақтөбе» мен «Қызыл-Жар» клубтарында тіпті сыбайлас жемқорлық белгісі байқалған. Ақтөбе облысының прокуратурасы клубтың 250 млн теңгені негізсіз жұмсағанын, ойыншыларға артық бонус бергенін және мердігерлермен жоғары бағамен шарт жасасқанын анықтап отыр.
2026 жылдан бастап футбол саласын қаржыландырудың жаңа ережесі күшіне енеді. Атап айтқанда, легионерлерді мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор есебінен қаржыландыруға тыйым салынады.
Әкімдіктер бір клубты қолдауға жылына 500 АЕК-тен (1 млн 966 мың теңге) артық қаражат бөле алмайды. Сонымен қатар мемлекет есебінен шетелдік ойыншылардың шығынын өтеуге де рұқсат етілмейді.
Осы өзгерістермен қатар балалар мен жасөспірімдер футбол мектептері бапкерлерінің жалақысы 30 пайызға өседі. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 1,8 млрд теңге бөлінбек. Әкімдіктерге, әсіресе ауылдық жердегі бапкерлердің еңбекақысын қосымша көтеруге мүмкіндік беріледі.
Айта кетейік, бұған дейін президент Тоқаев футбол клубтарын тез арада жекешелендіруді тапсырып, спорт нарық заңдарымен жұмыс істеп, тек жеке инвестиция арқылы дамуы тиіс екенін баса айтқан болатын.