Бас аудитор Әлихан Смайылов Үкіметтің былтырғы бюджетті орындау есебіне қатысты сын айтты. Әсіресе ірі салық төлеушілердің мәселесі басты назарға ілікті, деп хабарлайды Ertenmedia.
Палата ұсынған ресми дерек бойынша, еліміздегі ең ірі деген 249 компанияның кіріс-шығысына жүргізілген мониторинг жүйесіз әрі тиімсіз орындалып, ойдағыдай нәтиже бермеген.
Нәтижесінде алпауыт компаниялардан қосымша небәрі 643 млн теңге салық өндірілген. Бұл ірі салық төлеушілерден түсетін кірістің небәрі 0,01%-ы ғана.
Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекет қазынасының негізгі табысын құрайтын ірі компаниялардың кірісіне бақылау нашар. Салық органдары тексерулерді көбейткенімен, бюджетке түсетін қаражат былтырмен салыстырғанда 4,7%-ға төмендеп кеткен.
«Үкімет кіріс жоспарын орындау міндетін атқара алмады. Тіпті 2 триллион теңгеге төмендетілген жоспардың өзі тағы 609 миллиард теңгеге кем орындалды. Соның кесірінен Ұлттық қордан алынатын ақша көбейіп, бюджет тапшылығы өсіп барады», – дейді бас аудитор Әлихан Смайылов.
Жоғары аудиторлық палатаның мәліметінше, 2024 жылы Ұлттық қордан алынған қаржы көлемі 5,6 триллион теңгеге жетіп, қордағы қаражаттың жалпы экономикаға шаққандағы үлесі бірден 7 пайызға азайып кеткен. Бюджет тапшылығы да белгіленген 2,6% шегінен асып түскен.
Сонымен қатар, бюджет шығындары былтыр 13 рет өзгертіліп, жалпы сомасы 56 млрд теңгені құрайтын 112 инфрақұрылымдық жоба қаржыландырудан шығарылған. Бірақ кейін дәл сондай бағыттағы басқа 96 жоба қайта енгізілген.
Палата мамандары бюджеттегі мұндай тұрақсыздық пен қайталануды үлкен проблема деп отыр.
2021-2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспары бойынша да жағдай мәз емес. 2024 жылы небәрі 14 нысан сатылған. Сонымен қатар, палата квазимемлекеттік секторды қаржыландыру көлемінің 29%-ға азаюын оң өзгеріс ретінде бағалады. Десе де, бұл салада да активтерді тиімсіз басқару мәселесі шешімін таппай отыр.
Мәселен «Самұрық-Қазына» қоры жалпы құны 239 млрд теңге болатын 13 ірі өндірістік жобаны тоқтатып немесе кейінге шегерген.
Осы мәселелерді саралай келе, Әлихан Смайылов Үкімет пен Парламент бюджетті жоспарлау және орындау процесін қайта қарап, ашық әрі нақты бақылауды күшейту керегін айтты.