Мемлекеттен көмек алған, бірақ қарызын әлі толық өтемеген банктердің ірі акционерлері енді өз үлесін қарызын жаппай тұрып сата алмайды. Талап Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жаңа қаулысында жазылған деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Құжатқа сәйкес, 2017-2018 жылдары мемлекеттен көмек алған банктер акцияларын сатпас бұрын алған ақшаны толық көлемде қайтаруы тиіс. Егер қазіргі акционер мұны өздігінен істей алмаса, сатып алушыға осындай шарт қояды. Ал сатып алушы болса, қарызды қалай қайтаратынын және қаржыландыру көзін нақты көрсеткен жоспарды ұсынуы қажет.
Талап банктің жалпы капиталының кемінде 10%-дық үлесі қатысатын мәмілелерге қатысты қолданылады. Егер сатушы мәміледен кейін де банк акцияларының ірі иесі (10%-дан жоғары) болып қала берсе, аталған шектеу оған қолданылмайды.
Жаңа ережеде дивиденд төлеу тәртібі де өзгертілген
2023 жылдан бастап акционерлерге төленетін табыс көлемі мемлекеттік көмектің қайтарылуына байланысты есептеледі. Бұған дейін акционерлерге төленетін дивидендтер мөлшерінен мемлекетке төленетін сома кемінде 10-нан 66%-ға дейін құрайтын. Биыл осы тәртіп қатаңдатылып, мемлекетке дивидендтен берілетін төлем 66%-ға дейін көтерілген еді.
Ал жаңа қаулы бойынша мемлекетке қайтарылатын сома банк капиталының құрамындағы дисконттың қалдығына тең болуы тиіс. Дисконт деп көмек алынған кезде берілген несиелердің нарықтық бағасы мен мемлекеттік жеңілдік мөлшерлемесінің арасындағы айырмашылықты айтады.
Кезінде банктер дисконтты шартты пайда ретінде көрсетіп, уақыт өте амортизация түрінде жойып келген. Қазір банктер мемлекетке төленетін соманы дивидендтің кемінде 100%-на тең етуі міндетті болып отыр.
Дивиденд төлеудің өзге ережелері өзгеріссіз қалды
Егер дисконт сомасы капиталдан шегерілгеннен кейін капитал теріс болып қалса, дивиденд төлеуге тыйым салынады. Сондай-ақ дивидендке есептелетін пайдадан бір кездері мемлекет есебінен құрылған резервтер алынып тасталуы керек. Бұған жұмыс істемейтін несиелерге жасалған және кейіннен жойылған резервтер де кіреді.
Айта кетейік, 2017-2018 жылдары Қазақстан қаржы тапшылығына тап болған банктерге көмек ретінде 700,5 млрд теңге бөлген болатын. Қаражат «Қазақстанның тұрақтылық қоры» арқылы арнайы шығарылған облигацияларды 4% мөлшерлемемен сатып алу арқылы берілген еді. 2023 жылдан бері бірқатар банктер мемлекет алдындағы қарызын толық қайтарды. Bank RBK, Halyk Bank және ЦентрКредит Банкі қазір қарызсыз. Ал Alatau City Bank, Еуразиялық банк пен Нұрбанк мемлекетке берешегін әлі толық өтемеген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







