Орал қаласында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған ерекше форматтағы патриоттық акция ұйымдастырылды. Аталған шараны «Орал студенттер Альянсы» корпоративтік қоры ұйымдастырып, қала тұрғындарын мемлекеттік рәміздер тақырыбына тартып, өзгеше үлгідегі байланыс орната білді, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Акция «Менің рәміздерім – менің мақтанышым!» деген ұранмен өтіп, іс-шараның басты идеясын айқындады.
Акция барысында еріктілер қала тұрғындарына мемлекеттік рәміздеріміздің тарихы мен мағынасына қатысты сұрақтар қойды. Көптеген қатысушылар өз білімдерін жоғары деңгейде көрсетіп, белсенділік танытты.
Сауалдарға дұрыс жауап бергендерге патриоттық мазмұндағы естелік сыйлықтар — блокноттар, төсбелгілер, шағын тулар мен басқа да кәдесыйлар табысталды. Бұл азаматтарды ынталандырып, ел тарихын тереңірек білуге қызығушылық тудырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шараның мақсаты — жастар мен қала тұрғындары арасында мемлекеттік рәміздерді насихаттау ғана емес, сонымен қатар отансүйгіштік рухты қалыптастыру, елге деген мақтаныш пен құрмет сезімін арттыру.
Шараға қатысушылар мұндай бастамалардың, әсіресе жас буын үшін, аса маңызды екенін атап өтті. Себебі, мемлекеттік рәміздерді білу — жай ғана формалдылық емес, азаматтық жауапкершіліктің көрінісі.