Шымкентте ірі көлемде ақша жымқырған Әуезов университетінің экс-басшыларына үшін үкім шықты деп хабарлайды Ertenmedia.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі соты М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры міндетін атқарған Қайрат Нұрманбетов пен оның орынбасарлары және бірнеше кәсіпкерге қатысты атышулы істің үкімін жариялады.
Оларға 2022–2024 жылдар аралығында жалған келісімдер арқылы оқу орнының бюджетінен 256 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырды деген айып тағылған еді.
Тергеу материалдары бойынша, айыпталушылар заңсыз жолмен алынған ақшаны Mercedes, Lexus сияқты қымбат көлік пен Шымкенттің қақ орталығынан зәулім үй сатып алуға жұмсаған. Осылайша жалпы көлемі 254 миллион теңгені жеке басына жаратып жіберген.
Сот талқылауында екі негізгі эпизод қаралды.
Бірінші эпизод бойынша, 2022 жылдың жаз-күз айларында университеттің бірінші проректоры мемсатып алуларға ешқандай конкурссыз әрі тиісті тексерусіз қол қойған.
Нәтижесінде үш жеке кәсіпкердің есеп-шотына 141 миллион теңгеге жуық қаржы аударылып, оның 13 миллион теңгеден астамы қалтаға кеткен. Бұл іске университеттің шаруашылық департаменті мен қаржы бөлімінің басшылары, кәсіпкер және тағы екі сыбайлас тартылған.
Екінші эпизодта, 2024 жылы университеттің ректор міндетін уақытша атқарушы мен оның сыбайластары екі ЖШС және екі жеке кәсіпкермен 116 миллион теңгеге келісімшарт жасасқан.
Сатып алынған тауар университет ғимаратында ешбір келісім-шартсыз және құзырлы органдардың рұқсатынсыз жөндеу жұмыстарына жұмсалған. Ақшаның қалған бөлігіне күдіктілер көлік сатып алған. Осы эпизод бойынша келтірілген жалпы шығын 129 миллион теңгеден асқан, алайда кейін ол толық өтелген.
Сотта прокурор айыпталушыларды нақты бас бостандығынан айыруды сұраса, университет басшылығы жазаны соттың еркіне қалдырған. Айыпталушылар кінәсын мойындап, бас бостандығынан айырмауды өтінген-ді.
Сот үкім шығарарда айыпталушылардың шын жүректен өкінуі, олардың кәмелетке толмаған балаларының болуы және материалдық шығынды толық өтегенін ескерді.
Нәтижесінде сот бұрынғы проректорды 5 жылға бас бостандығынан айырып, меморгандарда өмір бойы қызмет етуіне тыйым салды. Екі кәсіпкерге 5 жыл 7 ай шартты жаза берілді. Тағы екі сыбайлас 5 жыл 7 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды, олардың біреуінің мүлкі тәркіленеді. Ал тағы бір айыпталушыға бір жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.