Алдағы мереке күндері Қазақстан аумағында ауа райы күрт құбылып, көктем тосын мінез көрсетеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Елдің басым бөлігінде циклондар мен атмосфералық фронттардың ықпалымен жауын-шашын күшейеді. Әсіресе солтүстік пен солтүстік-батыста қалың қар мен жаңбыр күтілсе, оңтүстікте нөсер жаңбыр жауып, күн күркіреуі мүмкін. Жел екпіні күшейіп, солтүстік аймақтарда боран соғып, көктайғақ болады. Оңтүстікте найзағай жарқырайды деп болжанып отыр.
Температураның соңғы күндердегі жоғары көрсеткіштері күрт төмендейді. Елдің батыс өңірінде түнгі уақытта аяз 5-15 градусқа дейін күшейеді. Ал солтүстік-батыс пен солтүстікте температура -15…-25 градусқа дейін төмендеп, аймақты нағыз арктикалық суық басады.
Дегенмен, оңтүстік пен шығыс аймақтарда күн жылып, нағыз көктемнің тынысы сезіледі. Алматыда температура 15 градусқа дейін көтеріліп, шуақты ауа райы сақталады.
11 наурыздан бастап суық ауа ағыны елдің орталық және шығыс аймақтарына да жетеді. Синоптиктердің болжамынша, жалпы наурыз айы ел аумағында жылы болғанымен, жауын-шашын нормадан көп түседі. Солтүстікте қарлы борандар жиі болса, оңтүстік пен батыста жаңбырлы және қар аралас ауа райы сақталмақ.
Ауа температурасы климаттық нормадан шамамен 1 градусқа жоғары болады. Десе де, арасында осындай қысқа мерзімді, күрт суыту жағдайлары жиі қайталануы ықтимал.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






