Қазақстанда жаңа жыл қарсаңында сұраныс артатын бірқатар бағытқа қосымша әуе рейстері ашылады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Көлік вице-министрі Талғат Ластаев өткізген жиында осы мәселенің жай-жапсары талқыланды. Мәжіліске Air Astana, FlyArystan, SCAT, VietJet Qazaqstan әуе компаниясы және Астана мен Алматы әуежайының басшылығы қатысты.
Қосымша рейстер келесі бағыттар бойынша ашылады: Астана – Алматы, Алматы – Орал, Алматы – Семей, Астана – Түркістан, Астана – Ақтөбе, Алматы – Ақтау, Алматы – Ақтөбе және Астана – Шымкент.
Жаңа жылдық демалыс кезінде Астана мен Алматы әуежайсында жолаушылар құқығы мен рейстің уақытылы орындалуын бақылайтын арнайы топтар жұмыс істейді.
Сонымен қатар, қысқы ауа райының қолайсыздығын ескере отырып, әуекомпаниялар мен әуежайларға резервтік ұшақ мен жердегі қосымша техниканы дайын ұстау тапсырылды. Ұшақ кешіккен жағдайда жолаушыларға ыстық тамақ пен сусын ұсынылып, жағдайдан жедел хабардар ету міндеттелді.
«Ұшақ рейсі кешіккен жағдайда жолаушыларға ресми сайттар, әлеуметтік желілер мен мобильді қосымшалар арқылы дереу ақпарат берілуі тиіс. Сондай-ақ әуежайдағы электронды табло мен бұқаралық ақпарат құралдары да жедел хабар таратуы қажет», — деді Талғат Ластаев.

