Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін тартуға қойылған талап жеңілдеп, мигранттарға бөлінген квота ұлғайуы мүмкін деп жазады Ertenmedia.
Депутат Ерлан Барлыбаевтың пікірінше елімізде ірі инфрақұрылымды жобалардың саны артуда. Алдағы уақытта үш бірдей атом электр стансасы, жылу-энергі орталықтар, жол-көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымдары бой көтермек.
«Бұған мыңдаған кәсіби маман қажет. Жергілікті жұмыс күшінің осы сұранысты толық өтеуі екіталай», — деді мәжілісмен Үкіметке жолдаған сауалында.
Еңбек ресурсын дамыту орталығының дерегінше, 2025–2035 жылдар аралығында Қазақстан нарығына шамамен 3 миллион қызметкер керек. Жұмыс күшіне деген қажеттілік өнеркәсіпте 27 пайыз, құрылыс саласында 11 пайызға жетеді деген болжам бар.
«Аймақ елдерімен салыстырғанда, Қазақстанда жалақы мөлшері жоғары. Осы фактыр біздің елді еңбек мигранттары үшін тартымды етуде», – дейді депутат.
Барлыбаевтың айтуынша, Қазақстанда еңбек мигранттарының елеулі бөлігі көлеңкеде, заңсыз жұмыс істеп жүр. Мұның өзі коррупциялық тәуекелді тудырады.
Осыған орай депутат Үкіметке 3 ұсыныс айтты:
- Шетелдік жұмыс күшін тарту талаптарын жеңілдетіп, мигранттарға еңбек құқығы мен әлеуметтік қызметті пайдалануға мүмкіндік беру қажет. Олардың жағдайына жұмыс берушілер тікелей жауапты болуы тиіс;
- Кадр тапшылығы байқалған салада квотаны көбейтіп, оны рәсімдеуді жеңілдету маңызды;
- Мигранттарға қосымша салық түрін енгізіп, олардың санын осы салықтың мөлшері арқылы реттеуге болады.
«Миграцияны дұрыс басқарсақ, салық тетіктері мен олардың ортаға сіңуін реттей алсақ, экономикамыз өсіп, әлеуметтік тұрақтылық орнайды», – деді депутат.
Еңбекминнің мәліметінше, Қазақстанда ресми түрде 15 мыңнан аса шетелдік маман жұмыс істейді. Олардың көпшілігі құрылыс (5 мыңға жуық адам) және ауыл шаруашылығы (3,1 мың адам) саласында топтасқан.
Елге жұмыс істеуге келгендердің басым бөлігі Қытай (5 545), Өзбекстан (2 696), Түркия (1 076) мен Үндістан (1 052) тұрғындары. Елдегі мигранттарға бөлінген квота бойынша шамамен 14,8–19,4 мың адамға жұмыс істеуге рұқсат берілген.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

