Олигарх Болат Өтемұратовқа тиесілі ForteBank қаржы нарығында көптен күтілген келісімді түпкілікті аяқтады: Home Credit Bank толықтай ForteBank құрамына өтті деп хабарлайды Ertenmedia Қазақстан қор биржасына (KASE) сілтеп.
Маусым айында екі банк арасында барлық акцияларды сатып алу туралы келісім жасалғаны хабарланған болатын. 13 қыркүйекте Болат Өтемұратов Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен (ҚНРДА) Home Credit Bank-тің ірі жанама қатысушысы болуға ресми келісім алды. Осылайша, ForteBank-тің банктік холдинг мәртебесіне ие болуына да реттеуші рұқсат берді.
Бастапқы кезеңде қос банк өз атауын сақтап, қатар жұмыс істейді деген болжам болғанымен, кейін ForteBank акционерлерінің күн тәртібіне Home Credit Bank-ті толық қосып алу мәселесі қойылды.
Home Credit Bank-тің бұрынғы иесі Чехияның ең ауқатты әйелі Рената Келлнерова басқаратын PPF қаржы тобы болатын. Оның марқұм күйеуі, әлемдегі ең бай адамдардың бірі Петр Келлнер 2021 жылы тікұшақ апатынан қаза тапқаннан кейін банк активтеріне бақылау толықтай жұбайына өткен еді. Forbes дерегіне сәйкес, Келлнерованың дәулеті 19 миллиард долларға бағаланады.
Ал Болат Өтемұратовтың капиталы қазіргі таңда 3,7 миллиард долларға жетіп, Forbes Kazakhstan рейтингінде алтыншы орында тұр.
Сарапшылардың пікірінше, ForteBank-тің Home Credit Bank-ті өзіне қосуы Қазақстанның қаржы секторындағы ірі мәміленің бірі. Шешім ForteBank-тің жеке тұлғалар нарығындағы үлесін айтарлықтай кеңейтіп, тұтынушылық несие сегментіндегі позициясын күшейтеді.
Банк саласы бойынша мамандар, Forte-нің қадамын ішкі нарықтағы қаржы жүйесін қайта бөлуге әкелетін, алдағы уақытта өзге банктердің де қосылу немесе бірігу процестерін жеделдететін маңызды фактор ретінде бағалап отыр.