Журналист әрі тіл белсендісі Жалғас Ертай «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының мемлекеттік тіл талаптарын елемей отырғанын айтты. Бұдан кейін ол Бас прокуратураға ресми арыз жолдады. Белсендінің зерттеуінше, еліміздің бас холдингі сатып алу ережелеріне бір ғана айлалы сөзді енгізу арқылы миллиардтаған теңгенің техникалық құжаттарын қазақ тіліне аудару міндетінен құтылып кеткен, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бір ғана сөздің құйтырқылығы: «және» ме, әлде «немесе» ме?
Мәселенің түп-төркіні жекелеген қызметкерлердің салғырттығында емес, қордың Директорлар кеңесі бекіткен сатып алу ережесінің өзінде жатыр. Ұлттық компаниялардың жұмысын бақылап жүрген Жалғас Ертай Тіл саясаты комитетінен келген жауаптан кейін холдингтің ішкі құжаттарын ақтарып, таңғаларлық заңсыздықты анықтаған.
Оның айтуынша, негізгі тендерлік құжат пен оған тіркелетін техникалық спецификацияларға қойылатын тілдік талап әдейі екі түрлі етіп жазылған. Қордың Директорлар кеңесі бекіткен тәртіпте қазақ тілін ысырып тастауға ресми жол ашып қойған.
«Оның 35-бабының 1-тармағында негізгі тендерлік құжаттама қазақ және орыс тілдерінде жасалатыны жазылған. Бірақ техникалық қосымша құжаттарды қазақ немесе орыс тілдерінде жасауға болады екен. Заң “және” болуын талап етеді, ал “Самұрық-Қазына” өз тәртібінде “немесе” деп отыр. Бір ғана сөз қазақша құжаттың болуын міндеттен таңдауға айналдырып жіберген», – деп мәлімдеді Жалғас Ертай.
Заң талабы мен қордың «өз ережесі»
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңның 10-бабында меншік нысанына қарамастан барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдарда қаржылық, техникалық және статистикалық құжаттама мемлекеттік тілде және орыс тілінде қатар жүргізілуі тиіс екені тайға таңба басқандай жазылған.
Алайда мемлекеттік заңнан өз ішкі бұйрығын жоғары қойған «Самұрық-Қазына» басшылығы «немесе» деген таңдауды пайдаланып, техникалық құжаттарды тек орыс тілінде жариялауды қалыпты әдетке айналдырған. Ал сатып алу процесіндегі ең маңызды ақпарат дәл осы техникалық қосымшаларда сақталады: тауардың сапасы, сатып алынатын жабдықтардың параметрлері, жұмыстың орындалу талаптары мен мерзімдері тек осы құжаттарда ғана егжей-тегжейлі көрсетіледі.
Қазақтілді кәсіпкерлерді нарықтан ығыстыру
Тілдік кемсітушіліктің кесірінен ұлттық қордың триллиондаған теңгелік тапсырыстарынан мыңдаған отандық кәсіпкер шет қалып отыр. Тендердің негізгі тақырыбын мемлекеттік тілде түсінгенімен, жүздеген беттен тұратын күрделі техникалық талаптардың орысша берілуі қазақтілді өндірушілерге үлкен кедергі келтіреді.
Осылайша, еліміздің байлығы есебінен жасалып жатқан мемлекеттік сатып алулар жүйесінде жергілікті қазақ кәсіпкерлерінің құқығы тапталып, нарықта тек орыстілді ортаға басымдық берілген. Бұл өз кезегінде отандық өндірістің дамуына және бәсекелестіктің әділ жүруіне кері әсерін тигізуде.
Халық қаржысын басқарғандардың салғырттығы қашан тыйылады?
Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің қомақты бөлігін бақылауында ұстап, мемлекет қазынасының ең майлы активтеріне қожалық етіп отырған «Самұрық-Қазынаның» мемлекеттік тілге деген менсінбеушілігі бүгін ғана пайда болған жоқ. Бұған дейін де қордың ірі жиындарында жасанды интеллектінің тілі сынбай, төл валютамызды «тэнгэ» деп шатастыруы қоғамдық күлкіге қалған еді.
Енді міне, қарапайым грамматикалық амалдар арқылы заңды белшеден басып, мемлекеттік тілді қосалқы орынға ысырып келгені әшкере болды. Мемлекеттің ең басты стратегиялық холдингі өз елінде отырып мемлекеттік тілде сөйлемесе, өзге жеке секторға қалай талап қоюға болады?
Жалғас Ертайдың Бас прокуратураға түсірген арызы – тұтас қоғамның жанайқайы. Қадағалаушы орган заңнан биік тұрған ешкім жоқ екенін дәлелдеп, ұлттық қордың сатып алу ережесіндегі заңсыздықты дереу жоюға және мемлекеттік тілдің үстемдігін қалпына келтіруге міндетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







