Алматыда болған қайғылы жол апатының тергеу барысы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің жеке бақылауында деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Министр тергеудің ашық және әділ жүргізілетініне кепілдік беріп, кінәлілердің ешқандай лауазымы мен байланыстары оларды жауапкершіліктен құтқармайтынын мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, ведомство Алматыдағы жол апатының барлық мән-жайын объективті зерттеп, кінәлі тұлғаларды анықтау бойынша президент Тоқаевтың тапсырмасына сай жұмыс істеп жатыр.
«Бұл ма, бұл іс менің жеке бақылауымда. Барлық кінәлі адамдар, олардың қызметіне, қоғамдағы орны мен байланыстарына, тамыр-таныстарына қарамастан заң алдында жауап береді. Ешкім жазадан жалтармайды. Заң мен тәртіп қоғамның қауіпсіздігі мен әділеттілігінің негізі», – деді Ержан Сәденов.
Еске сала кетсек, 21 наурызға қараған түні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында Zeekr және Mercedes көліктері соқтығысып, үш адам қаза тапқан еді. Zeekr автокөлігінің жүргізушісі алкогольдік ішімдік ішкен күйде болған.
Қазіргі уақытта көлік жүргізушісі қамауда. Сонымен қатар, полиция қызметкерлерінің әрекетсіздігі және мемлекеттік тіркеу нөмірлерін заңсыз беру фактілері бойынша да жеке қылмыстық істер қозғалған.
Осы жағдайдан кейін Алматыға еліміздің басқа өңірлерінен полиция күштері жіберілді. Қалада алғашқы күндердің өзінде 4,8 мыңнан астам жол қозғалысы ережесінің бұзылуы анықталған. Оның ішінде мас күйінде көлік жүргізу, қарсы жолаққа шығу, жалған нөмірмен жүру секілді елеулі құқық бұзушылықтар бар. Екі мыңнан астам автокөлік айып тұрағына қойылған.
Министрлік қызметтік тәртіпті күшейтіп, заңдылықты қамтамасыз ету үшін ел аумағында осындай тексеріс жұмыстарын жалғастырып жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







