Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев тамыз айында барлық деңгейдегі әкімдердің басын қосып, педагогтерді қызметтік міндетінен тыс жұмыстарға тартудың заңсыздығын түсіндірмек деп хабарлайды Ertenmedia.
Министрдің айтуынша, әкімдер заң талаптарын жиі елемейді, сондықтан оларға заңды тағы бір мәрте түсіндіріп, ескерту қажет.
«Біз педагогтерді міндетіне кірмейтін жұмысқа тартуға заң жүзінде тыйым салынғанын талай рет ескерттік. Бұл мәселені министрлік өкілдері бірнеше рет көтерсе де, аудан, қала деңгейіндегі әкімдер заң нормасына бағынбай отыр. Сондықтан тамыз айында барлық деңгейдегі әкімдерді жинап, педагог мәртебесі туралы заң бойынша түсіндіру жұмысын жүргізуді жоспарлап отырмын. Қажет болса, заң мәтінінен үзінділерді де қолдарына ұстатамыз», – деді министр Мәжіліс кулуарында.
Еске сала кетейік, маусым айының басында Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев мұғалімдерді жағажай аумағын бақылауға тартуды ұсынған еді. Бұған Оқу-ағарту және Еңбек министрліктерінің өкілдері бірден қарсылық танытты. Алайда, соған қарамастан, қала басшылығы педагогтерді жағажайға кезекшілікке жіберген.
«Қостанай әкімінің әрекеті туралы естіген бойда, бірінші орынбасарым қала әкімдігімен дереу хабарласып, ескерту жасады. Өзім де Төтенше жағдай министріне хабарластым. Себебі бұл мәселе төтенше жағдайдың алдын алумен байланысты болған. Сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі де араласты. Екі бірдей министр назар аударған соң, қала әкімі тиісті қорытынды шығарды деп ойлаймын», – деді Ғани Бейсембаев.