Уақыт белдеуіне қатысты талас басылмай тұр. Үкіметте осы мәселенің нүктесін қоюға тырысқан Сауда министрі Арман Шаққалиев өткір мәлімдеме жасады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Министр елдегі сағаттың кеңестік кезеңнен бері сегіз рет өзгергенін еске салды.
«Кеңес заманында жоспар орындау керек, социалистік жарысты алға тарту керек деген себеппен сағат тілі бірнеше мәрте бұралды. Бірақ біз ешқашан табиғи, географиялық уақытпен өмір сүрген жоқпыз. Қазіргі уақыт табиғи уақыт. Мұны денсаулық сақтау министрлігі де, энергетика министрлігі де қолдап, құптап отыр. Электр энергиясын тұтынуда еш өзгеріс жоқ, халықтың денсаулығы зардап шеккен емес», – деді Шаққалиев.
Министрдің пікірінше, уақытты кері қайтаруды талап етіп жүргендердің көбі арнайы білімі жоқ, елді босқа дүрліктіргісі келетіндер.
«Әлеуметтік желіде әртүрлі әңгіме таратып, халықтың көңілін бұзып жатқандар бар. Бұл әрекеттен еш нәтиже шықпайды. Мамандардың нақты тұжырымына сүйенген жөн. Сондықтан уақытқа қатысты дауды доғарып, тыныштық сақтау керек», – деді ол.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Қазақстан халқының 76 пайызы (15 миллионнан астам адам), яғни Астана, Алматы, Шымкент, Семей, Павлодар, Өскемен және Петропавл сияқты ірі қалалар UTC+5 белдеуімен өмір сүреді. Ал Шығыс Қазақстанның шеткі аймағы – Риддер қаласы UTC+6 белдеуінде орналасқан.
Осыған байланысты жақында Шығыс Қазақстан депутаттары да уақытты кері қайтару мәселесін көтерген болатын. Алайда министрдің бүгінгі мәлімдемесінен кейін олардың қандай шешім қабылдайтыны әзірге белгісіз.
Әлеуметтік желіде тараған видеода Қатон-Қарағай ауданы, Барлық ауылының тұрғыны «күн батып барады, сағат небәрі 13:45» деп наразылық білдірген еді. Министр бұл мәселеге қатысты да пікір білдіріп, бір сағат айырмашылығынан ештеңе өзгермейтінін атап өтті.
«Күн былтыр 14:45-те батса, биыл 13:45-те батып жатыр. Сол бір сағаттан не өзгереді? Бір сағатқа бола у-шу шығарудың қажеті жоқ. Өзгерткілеріңіз келсе, бірден бес сағатқа өзгертіп, қыста күн кешкі 18:45-те батсын», – деді Шаққалиев.
Еске сала кетейік, уақыт белдеуіне қатысты петиция 50 мың қол жинағаннан кейін Үкімет арнайы жұмыс тобын құрған болатын. Жұмыс тобы мәселені жан-жақты зерттеп, 40 күн ішінде қорытындысын жариялауы тиіс.

