Қазақстанда ел тарихындағы алғашқы әкімшілік амнистия өтуі мүмкін деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Үкімет отырысында азаматтардың төленбей қалған айыппұлдарын кешіру тетігі ресми түрде қаралып жатқанын мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, қазір орындалмаған әкімшілік айыппұлдарды толық немесе ішінара есептен шығару жолдары пысықталып жатыр.
Қандай құқықбұзушылық түрлері амнистияға ілігетіні, кешірілетін берешек көлемі және қарызды есептен шығару тәртібі мамандар деңгейінде егжей-тегжей талданып жатыр.
17 наурыз күні мемлекет басшысы осындай бұрын-соңды болмаған бастама көтерген еді. Содан кейін Үкімет деңгейінде нақты механизм әзірлеу жұмысы басталған.
Премьер-министр Олжас Бектенов профильді мекемелерге процесті созбауды тапсырды. Үкімет басшысы екі апта ішінде әкімшілік амнистияны іске асыруға қатысты нақты әрі толық ұсыныстарды әзірлеп әкелуді міндеттеген.
Сөйтіп, Қазақстан енді айыппұл саясатын қайта қарауға бағытталған жаңа кезеңнің табалдырығына келіп тұр. Егер бастама іске асса, талай азамат үшін жиналып қалған әкімшілік берешекке байланысты ауыртпалық едәуір жеңілдеуі мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







