Қазақстанда онлайн-платформалар мен медиа нарықты реттеу тәртібі түбегейлі өзгермек. Ақпарат министрлігі әзірлеген заң жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды, деп жазады Ertenmedia.
Жаңа құжат цифрлы кеңістіктегі заңсыз контентке тосқауыл қою мақсатында дайындалған.
Соның ішінде аудиториясы 5 мың адамнан асатын анонимді телеграм-арналардың иелері өз тұлғасын ашуға міндеттеледі. Олар министрлікке жеке мәліметін жіберіп, арнайы реестрге тіркеледі.
Онлайн-платформалардың Қазақстан аумағында өкілдік ашуы да міндетті болуы мүмкін.
Заң жобасы мем. органдардың ресми жауабын арнайы белгілеуді, аудиовизуалдық платформалардың жұмыс тәртібін қайта қарауды, операторларға лицензия беруді, контент жариялау ережесін бекітуді және уәкілетті органның құзыретін кеңейтуді көздейді.
Құжатта ерекше назар аударатын бір норма бар:
мистикалық және оккульттық қызмет туралы ақпарат таратқанда «ұсынылған мәлімет тек ойын-сауық сипатында, ғылыми және практикалық тұрғыдан дәлелденбеген» деген ескерту көрсетілуі тиіс.
Жобада әлемжеліге 16 жасқа толмаған бала-шағаның тіркелуіне де тыйым салу қарастырылған.
Сонымен қатар заңға қайшы контент таратқаны үшін әкімшілік жаза күшейеді.
Біреудің бейнесін заңсыз жариялағандар 200 АЕК-ке дейін штрап төлесе, онлайн-платформа мен ақпарат құралдарында бейәдеп сөз қолданғандарға 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе 15 тәулікке қамалуы мүмкін.
Осыған дейін министр Аида Балаева анонимді телеграм-арналарды сынға алып, «жалған ақпарат таратқандар заң алдында жауап беруге тиіс» деп мәлімдеген.
«Мен мұндай каналдарға түбегейлі қарсымын», – деген министр әлгіндей арналардың авторын анықтау үшін ҰҚК-ға жүгінетінін жеткізген. Оның айтуынша, мұндай каналдың көпшілігі шетелден басқарылып отыр.
Түнеукүні ішкі саясаттағы жаңа құжаттың бағыт-бағдарын түсіндерген мемхатшы Ерлан Қарин де осы сарында сөйлеген болатын. «Есті саясат» деген тақырыппен жарық көрген мақаласында Қарин бопсамен айналысатын блогерлерді сынға алған.
«Фейк ақпарат пен «инфорэкет» қоғам үшін үлкен қауіп. Кейбір блогер жанжалды әдейі қоздырып, кейін жазбасын өшіру үшін ақша талап етеді. Бұл ма, бұл кәдімгі бопсалау. Бұрын мұндайға жоғары жақтағылар қамқорлық жасаған болса, енді ол кезең аяқталды. Мемлекет мұндай әрекетке жол бермейді», – деген еді ол.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Қазақ қоғамындағы құндылықтар компасы: Қарин ұсынған ішкі саясаттың жаңа қағидасы

