Қазақстан биыл мектепке баратын бала саны жағынан бұрын-соңды болмаған межеге жетпек деп хабарлайды Ertenmedia.
Бұған дейінгі 3,9 миллион оқушыға биыл тағы 200 мың бала қосылады. Әдетте тамыз туа «баланы қайда сыйдырамыз?» деген сауал алдымыздан шығатыны белгілі.
Министр Ғани Бейсембаев осыған алдын ала қам жасапты. Биыл қыркүйектің алғашқы күні ел бойынша 83 су жаңа мектеп ашылады. Мұның өзі 115 мың баланың мектеп партасына еркін жайғасуын қамтамасыз етпек.
Министр мұнымен шектелмей, жыл соңына дейін тағы 111 мектепті іске қосып, қосымша 140 мың балаға жағдай жасайтынын айтып отыр. Қазірдің өзінде ел аумағында жаңадан бой көтеріп жатқан 232 мектеп келер ұрпаққа есігін айқара ашуға әзірленіп жатыр.
Осымен көптен қордаланған үш ауысымды мектеп мәселесі де бірте-бірте тарих қойнауына кететін сыңайлы.
Министрлік ескі ғимараттарды да назардан тыс қалдырмаған. Ел аумағындағы 245 мектеп толықтай жаңғырып, ауыл мен қаланың білім ошақтары бір деңгейде теңеседі.
Бұған дейін апатты жағдайда тұрған ауыл мектептері заманауи ғимаратқа айналмақ. Осындай күрделі жөндеуден өткен 127 мектептің өзі-ақ 99 мың оқушының көсіліп отырып білім алуына жол ашады.
Ең елең еткізерлік жаңалық мектеп бағдарламасына жасанды интеллектің кіруі. Технология заманының ұрпағын ЖИ-ден шеттетсек, әлемдік өркениет көшінен қалып қоямыз деген сөз.
Енді балалар цифрлық сауаттылық пен информатика пәнінде жасанды интеллект мүмкіндігін үйреніп, оның қыр-сырына қанық болады. Мұғалімдер де арнайы курстан өтіп, технологияны балаларға түсінікті әрі қауіпсіз үйретуді меңгереді.
Былтыр басталған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы биыл да жалғасын тапқан. Жоба бойынша, 2025 жылдың соңына дейін заманауи стандарттарға сай 217 мектеп салынады.
Әсіресе ауылдарда осындай мектептердің көбірек салынуы көңіл қуантады. Қазірдің өзінде жаңа форматтағы 128 білім ошағы пайдалануға берілді. Ондағы ұстаздар да үш сатылы біліктілік арттырудан өтіп, тың әдістемемен оқуға дайын отыр.