Әділет министрлігі Үкімет «Шетелдік агенттер туралы» заң жобасын әзірлеуді қарастырып отырмағанын мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia Massaget.kz-ке сілтеп.
«Үкіметтің заңнамалық жұмыс жоспарында шетелдік агент мәселелері бойынша заң жобасын әзірлеу қарастырылмаған», — деді Әділет министрлігінің баспасөз қызметі өкілі Tengrinews.kz-ке жауабында.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, иноагенттер туралы заң қабылдауды сұрады.
Депутаттың сөзіне сенсек, қазір Қазақстанда шетелден қаржы алатын шамамен 200-ден аса үкіметтік емес ұйым бар, олардың 70 пайызы АҚШ-тан түрлі жолдар арқылы қаржыландырылған.
Депутат шетелдік қорлардың елімізге пайдасы мен зияны қаншалық екені туралы сұрақ әлі де жауапты талап ететінін мәлімдеді.
«Әсіресе, геосаяси жағдай күрделеніп, әлемдік күш орталықтары орын алмастырып, халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша ішкі қайшылықтар күшейіп жатқанда бұл тіпті өзекті болып отыр. Егер елімізде өзін жайлы сезініп жүрген шетелдік ҮЕҰ шын мәнінде өз «ойындарын» жүргізіп жатса, олардың ықпалы бізге теріс әсерін тигізуі әбден мүмкін», — деді Смирнова.