Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп саласындағы кооперативтердің жұмысын реттейтін жаңа ережені бекітті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
2025 жылдың 17 қыркүйегінде қабылданған құжат бойынша ауыл шаруашылығы кооперативтері өз мүшелеріне көрсететін қызметтер мен тауарлардың нақты тізімі анықталды.
Жаңа ережеге сәйкес, кооперативтер өз мүшелеріне өсімдік шаруашылығына қажетті тұқымдар мен көшеттерден бастап, мал шаруашылығына арналған жем-шөп, тірі мал және аквамәдениет өнімдеріне дейін ұсына алады. Бұған маусымдық және көпжылдық дақылдар, тұқымдар, көшеттер, балық пен балық өнімдері кіреді.
Сонымен қатар құрылысқа қажетті құм, тас, саз балшық, цемент, гипс пен әктас, құрылыс кірпіші мен керамикалық материалдар да осы тізімде көрсетілген. Кооперативтер ауыл шаруашылығына қажет дизельдік отын мен бензин, майлау материалдары, антифриз бен агрохимиялық өнімдерді де ұсына алады.
Кооперативтер ауыл шаруашылығы техникалары мен көлік құралдарын жеткізіп берумен қатар, оларға қызмет көрсетеді және жөндейді. Осы бағытта жүк көтеру-түсіру, тасымалдау, сақтау жұмыстары, техниканы жалға беру де қарастырылған.
Тізімге электр қозғалтқыштар, генераторлар, аккумуляторлар, трансформаторлар, кабельдер мен сымдар, жарықтандыру құралдары және басқа да электр жабдықтары енген. Сондай-ақ жалпы мақсаттағы машиналар, тамақ өнімдерін өңдейтін қондырғылар мен арнайы ауыл шаруашылығы техникалары бар.
Бұдан бөлек, кооперативтер балық аулауға арналған арнайы қайықтар, жеңіл автокөліктер, тіркемелер, жүк тасымалдайтын контейнерлер және ұшақтар мен басқа да ұшу аппараттарын жеткізу қызметін көрсете алады.
Жалпы алғанда кооперативтер атқаратын жұмыстар мен қызметтер саны – 39. Құжат 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Осы арқылы ауылдағы шаруашылықтарды дамытуға, өнімді өндіру мен өңдеуді біріздендіруге бағытталған жұмыстар жүйеленеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

