Гранттан қағылған талапкерлер мен балалар құқығын қорғаушылар Ғылым және жоғары білім министрлігін сотқа бермекші, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Шағымданушылардың пікірінше, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге бөлінген 5 мың арнайы грант әділетсіз таралып, шын мұқтаж жастар жоғары білімнен шет қалған.
Балалар құқығын қорғаушы Медина Майсар бұл шешім министрліктің салғырттығы мен жауапсыздығының көрінісі дейді.
«Арнайы бөлінген 5 мың гранттың әділ үлестірілгеніне күмән көп. Су апатынан зардап шеккен өңірлердегі балалардың соңғы мүмкіндігін министрлік осылайша тартып алды. Қосымша гранттар қарастырылмағандықтан, мыңдаған түлек білімсіз қалғалы отыр. Сондықтан төтенше жағдай зардабы тиген өңірлер үшін қосымша 5112 грант бөлуді талап етеміз», – дейді ол.
Белгілі адвокат Халида Әжігұлова бұл мәселеге араласуға дайын екенін жеткізді. Ол қазір Медина Майсардың министрлікке қарсы ұжымдық шағым дайындауына көмектесіп жатыр.
«Маған Медина Майсар хабарласып, министрлікті сотқа беру туралы кеңес сұрады. Әрине, талапкерлердің тағдырына бейжай қарамаймын. Құқықтық тұрғыдан қолымнан келген көмекті көрсетемін», – дейді Әжігұлова.
Адвокат мәселе ел ішінде шешілмесе, халықаралық деңгейге шығуға да дайын екенін айтты.
«Егер қазақстандық соттардан әділдік таппасақ, мәселені БҰҰ-ның Балалар құқығын қорғау комитетіне дейін жеткіземіз. Басқа жол қалмаса, грант туралы дауды халықаралық деңгейде көтеруге дайынбыз», – деп ескертті заңгер.
Контекст
Айта кетейік, биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан 139 мың талапкердің 81,43 пайызы грантқа қажетті ұпай жинаған.
Жалпы бакалавриатқа 79 мың грант бөлінген. Соның ішінде инженерлік, өңдеу өнеркәсібі және құрылыс саласына 19 344 грант, педагогикалық ғылымдарға 13 735, ақпараттық-коммуникациялық технологияға – 10 903, жаратылыстану ғылымдары, математика мен статистика салаларына – 8 288 грант үлестірілген.
Бұдан бөлек, педагогика мен журналистика саласына жартылай төленетін 150 дифференциялық грант, «Серпін» бағдарламасы бойынша 3 903 грант қарастырылған.
Ал халық тығыз қоныстанған жаңа елді мекендердегі және еліміздің батыс аймақтарындағы талапкерлер үшін арнайы мақсаттағы 5 000 грант бөлінген еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

