Журналист Дәурен Қуат Путиннің «қай елде тұрса да, орыстілділердің құқын қорғаймыз» деген мәлімдемесі Қазақстандағы саяси ахуалға теріс ықпал еткенін айтты, деп жазады Ertenmedia.
Пікірінше, Путиннің Кремльде тұрып, кейін Астанада тағы бір мәрте айтқан осы пікірі ел ішіндегі Мәскеуге бүйрегі бұратын топтарды есіртіп жіберген.
«Мәлімдеме астарында «абайлаңдар, қажет болса соғыс ашамын» деген айқын ескерту жатқан еді. Кремльдің қабағына қарағыш Астана осыдан кейін Кеңес дәуірін аңсаушылардың талтаңдауына жол берді», – дейді ол.
Айтуынша, ел билігінің жалтақтығын пайдаланған Мәскеудің идеологтары қазақтардың тарихын, мәдениетін, тілін емін-еркін таптай бастаған. Қазақтың ұлтшыл азаматтарын «нацпат» деп мазақ ету, қорлау үйреншікті көрініске айналған. Солай бола тұра ресми Астана тарапынан ешбір пәрменді наразылық болған жоқ.
Ал Қазақстанның өзінде қазақтың отаншыл азаматы бір замандасына қазақша сөйлеуді талап еткен жағдайда, қылмыскер ретінде сот алдында жауап береді. Соның бір мысалы жақында ғана төрт жылға бас бостандығынан айырылған желтоқсаншы Мирболат Мырзатайұлының ісі.
«Сондағы жалғыз жазығы біреуге «қазақша сөйле» деп талап қоюы. Бар айыбы осы. Конституциямыз бойынша қазақ тілі мемлекеттік тіл. Ел аумағында тұратын әрбір азаматтың мемлекеттік тілді білуі міндет. Әрине, Ата заңда ресми тілдің де орны бар. Ұлық басқосуларда, үкімет жиынында мемлекеттік тіл тасада қалып, ресми тілдің атой салуы қазақтілді қауымның ашу-ызасын күшейтіп жатыр. Оны ескеріп жатқан ешкім жоқ», – деп жазады журналист.
Автордың пікірінше, Мирболат секілді отаншыл азаматтар елдегі өзге ұлт өкілдерін алаламайды, керісінше Қазақстанды өз Отаным дейтін әрбір жанды бауыр санайды. Осындай азаматтың төрт жыл ғұмырының түрмеде өтуі барып тұрған әділетсіздік.
«Бүгінгі билік елі мен жері үшін жанын шүберекке түйген азаматтарды жазалап, рухын жанши берсе, ертең ел тағдырына кім араша түседі?», – деп түйіндейді Дәурен Қуат.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

