«Ахмет. Ұлт ұстазы», «Міржақып. Оян, қазақ!» секілді тарихи фильмдермен танылған шығармашыл топ тағы бір тың жобаны қолға алды деп жазады Ertenmedia.
Режиссер Мұрат Есжан мен продюсер Айсәуле Әбілда бұл жолы мотивациялық бағыттағы толықметражды фильм түсірмек.
Продюсердің айтуынша, туындыға шынайы өмірден алынған оқиға арқау болған. Фильм тәуелсіздіктің елең-алаңындағы мұнай-газ саласындағы күрделі оқиғалар мен талас-тартысты бейнелейді.
Сол тұстағы қым-қиғаш, қайшыласқан оқиғаларды көрсету арқылы авторлар қазақ киносында бұрын қамтылмаған тың тақырыпты қозғағалы отыр.
«Фильмнің басты идеясы ауылда туған қарапайым қазақ баласының қажырлы еңбегімен биікке көтеріліп, жетістікке жетуі. Жобаны жүзеге асыруға нақты өмірде болған оқиға арқау болды. Сол оқиғаның кейіпкерлері мен куәгерлері ұсыныс білдірген соң, сценарий жазуға кірістік. Идеяның біздің құндылықтармен үйлескені де маңызды болды», – дейді Айсәуле Әбілда.
Жаңа фильмнің сценарийі режиссер Мұрат Есжанның авторлығымен тоғыз ай бойы шетелде жазылған. Үш бірдей тарихи жобадан кейін шығармашылық пауза алған авторлар жаңа идеяға тыңғылықты дайындықпен келген.
«Жаңа жоба «Міржақып. Оян, қазақ!» секілді жобалармен рухы жағынан үндес. Фильм көрерменге «бәрі мүмкін» деген сенім сыйлауды мақсат етеді. Сценарий сапасы мен әктерлік құрамды іріктеуге де ерекше екпін берді. Көрермен бұрынғы фильмдерде көрген әктерлер қайталанбайды», — дейді Айсәуле Әбілда.
Көрерменге қазақы колориттегі шабыт пен сенім сыйлайтын сапалы кино түсіруді мақсат тұтып отырған шығармашыл топ 10 тамызда түсірімге кірісіп кетті.
«Бұл біздің үлкен экранға дайындап жатқан алғашқы туындымыз. Бұған дейінгі жобаларды көрермен жылы қабылдады, сыншылар да оң бағасын берді. Үш бірдей ауқымды тарихи фильмнен кейін бізге аз-кем үзіліс керек болды. Сол үзілістің жемісі осы жоба», – дейді өз кезегінде режиссер Мұрат Есжан.
Шытырман оқиғаға толы фильмді алдағы уақытта кинотеатрлардан көре аласыздар.