Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мобильді аударымдарды бақылауға қатысты маңызды түсініктеме берді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеушілердің дерегі нақты қандай жағдайда тексеріске түсетінін егжей-тегжейлі баяндады.
Вице-министрдің айтуынша, шот иесінің әрекеті бақылаушы органдардың назарына ілігуі үшін бірнеше талап қатар орындалуы керек. Сол өлшемдер азаматты кәсіпкер ретінде тіркеу қажеттігін айқындайды.
Бірінші шарт
Аударым жіберушілер саны. Бір күн емес, бір айдың ішінде шотқа 100 және одан да көп әртүрлі адамнан төлем түсуі қажет.
Екінші өлшем
Жүйелілік. Мұндай белсенділік қатарынан үш ай бойы қайталануға тиіс. Айталық, қаңтар, ақпан және наурыз айларында ай сайын 100 түрлі адамнан қаражат түссе, мұндай шот мониторингке енеді.
Үшінші қағида
Үздіксіздік талабы. Егер қаңтар мен ақпанда 100 адамнан аударым келіп, наурызда көрсеткіш жетпей қалса, ондай дерек тексеріске негіз болмайды. Кейін мамыр мен маусымда ахуал қайта қайталанса да, «қатарынан үш ай» шарты орындалды деп саналмайды.
Төртінші меже
Қаржылық көлем. Соңғы 12 айдағы барлық аударымның жиынтық сомасы 1 миллион теңгеден асуы керек. Ведомство оны 12 ең төменгі жалақы көлемімен байланыстырып отыр.
Ержан Біржановтың сөзінше, мәселен қаңтар мен ақпанда 100 түрлі адамнан ақша түсіп, наурызда мұндай белсенділік тіркелмесе, ал қозғалыс тек мамыр не маусымда қайта жанданса, ондай жағдай комитет бақылауына кірмейді.
Белгіленген 90 күндік кезең аяқталған соң, келесі айдың 15-іне дейін екінші деңгейлі банктер тиісті мәліметті уәкілетті органға жолдайды. Одан кейін Мемлекеттік кірістер комитеті ішкі тәртіпке сай талдау жүргізіп, салық төлеушіге хабарлама жіберу қажет пе, жоқ па соны шешеді.
Жаңа тәртіпті әзірлеген тарап бір жайтқа айрықша мән беріп отыр. Нысанаға қарапайым азаматтардың жеке аударымы емес, табысын жасырып, іс жүзінде кәсіппен айналысып жүрген адамдар алынбақ. Яғни әңгіме тұрмыстық ақша алмасуды сүзгіден өткізу жайында емес, көлеңкеде жүрген кірісті анықтау төңірегінде өрбіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







