Қазақстанда мобильді ақша аударымдарын бақылау жүйесі биылғы жылдың қыркүйегінен бастап іске қосылады. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Вице-министрдің айтуынша, бақылау қарапайым азаматтардың күнделікті тұрмыстық төлеміне қатысты емес. Анасы қызына, әкесі ұлына немесе ағайын-туыс арасында ақша аударса, ешкім түсініктеме талап етпейді.
«Егер анасы қызына немесе әкесі ұлына, бауырына ақша аударса, алаңдаудың қажеті жоқ. Бұл тіпті 1-2 миллион теңге болса да, сұрақ туындамайды», – деді Біржанов.
Дегенмен, қаржы министрлігі келесі үш критерий бойынша жіті бақылау орнатады:
-
ақша аударушылар саны 100-ден асса;
-
аударымдардың жалпы сомасы миллион теңгеден жоғары болса;
-
белгілі бір адамдар тобының тұрақты түрде, үш ай бойы бір тұлғаға ақша аударуы.
Вице-министр бұл шара қарапайым халыққа қысым көрсету үшін емес, көлеңкелі кәсіпті анықтап, бюджетке тиесілі салықты төлемей отырғандарды жауапқа тарту мақсатында қолға алынғанын атап өтті.