Қазақстанда банктер азаматтардың мобильді аударымдары туралы мәліметті салық органдарына жолдай бастады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Енді күмән тудырған ақша қозғалысы камералдық бақылау сүзгісінен өтіп, кей азаматқа түсіндірме беру туралы хабарлама келуі мүмкін. Билік мұны қарапайым халықты жаппай қудалау емес, табысын жасырып, жеке картаны кәсіп көзіне айналдырғандарды анықтау тетігі ретінде түсіндіріп отыр.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, екінші деңгейлі банктер биылғы бірінші тоқсан бойынша деректерді 15 сәуірден кешіктірмей өткізуі керек. Ведомство өкілдері мәселенің қалай жүретінін былай түсіндірді:
«Бұйрыққа сәйкес, екінші деңгейлі банктерден биылғы жылдың бірінші тоқсаны бойынша мәлімет 15 сәуірден кешіктірілмей күтіледі. Банктер тізіміне енген тұлғаларға камералдық бақылау нәтижесінде анықталған алшақтықтар бойынша хабарлама жіберіледі».
Нені білу керек?
Мұндай хабарлама келген адамға бірден айыппұл салынбайды. Азаматқа құжатты алған күннен кейінгі келесі күннен бастап 30 жұмыс күні беріледі. Осы уақыт ішінде ол не келісетінін, не келіспейтінін нақты көрсетуі тиіс.
Егер азамат салық органының уәжімен келіссе, мәселені өз бетінше реттеуге мүмкіндік бар. Комитет түсіндіруінше, жеке картаға тауар не қызмет үшін ақша қабылдағаны рас болса, онда салық есебін тапсырып, анықталған алшақтыққа қатысты тиісті салық кезеңін түзету қажет. Ведомство мұны былай нақтылады:
«Салық төлеуші хабарламамен келіссе, анықталған алшақтық тиесілі салық кезеңі бойынша салық есептілігін тапсыру арқылы бұзушылықты жою хабарламаны орындау болып саналады».
Өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар кірісті арнайы мобильді қосымшада көрсете алады, салық пен әлеуметтік төлемдерін төлей алады. Қажет болған жағдайда Салық кодексіне сай өзіне лайық салық режиміне ауысуға да мүмкіндік бар.
Ал егер…
Азамат салықшылардың тұжырымымен келіспесе, онда түсіндірме беруге құқылы. Комитеттің сөзінше, мұндай жағдайда адам анықталған алшақтықтың себебін түсіндіріп, оның салық заңнамасын бұзуға жатпайтынын көрсетуі керек. Ресми түсіндірме былай берілді: «Көрсетілген алшақтықпен келіспеген жағдайда салық төлеуші Қазақстанның салық заңнамасын бұзуға алып келмейтін себептер бойынша түсіндірме ұсынады».
Алайда мұнымен іс толық жабыла салмауы мүмкін. Егер түсіндірме күмән тудырса немесе азамат белгіленген мерзімде мүлде жауап бермесе, салық органы қосымша тексеруге құқылы. Комитет осы тұсты да ашық айтты:
«Салық органдары ұсынылған түсіндірмедегі себептердің анықтығын растау үшін немесе Салық кодексінде белгіленген мерзімде хабарлама орындалмаған жағдайда камералдық бақылау нәтижесінде анықталған алшақтықтар бойынша салықтық тексеру жүргізуге құқылы».
Контекст
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мобильді аударымға қатысты жаңа өлшем күшіне енді. Бұған дейін қатарынан үш ай бойы 100 түрлі адамнан ақша түсуі кәсіпкерлік белгісі ретінде қаралатын. Енді соған қосымша қаржылық шек енгізілді. Яғни тек үш талап қатар орындалғанда ғана салықшылардың назары түсуі мүмкін.
Біріншісі, ақша 100 немесе одан да көп әртүрлі адамнан түсуі керек. Екіншісі, ондай түсім үш ай қатарынан қайталануы қажет. Үшіншісі, жалпы сома 12 ең төменгі жалақыдан, яғни 1 020 000 теңгеден асуы тиіс.
Мысалы, егер адам 2026 жылғы қаңтар, ақпан және наурыз айларында жеке картасына тауар не қызмет үшін тұрақты түрде ақша алып отырса, әрі үш ай ішінде жүзден астам адамнан аударым түсіп, жалпы көлемі белгіленген межеден асса, онда салық органы оған түсініктеме сұрап, кәсіпкерлік қызметтің белгісі бар-жоғын тексеруі мүмкін.
Комитет бір жайтты ерекше атап өтті
Туыстар, достар, әріптестер арасындағы аударымдар, сондай-ақ бір реттік және жүйесіз түсімдер жаңа талаптың аясына кірмейді. Демек, күнделікті тұрмыстағы әдеттегі ақша алмасу автоматты түрде тексеру нысанына айналмайды.
Ресми түсіндіруге қарағанда, жаңа тәртіптің мақсаты көлеңкеде жұмыс істеп, табысын көрсетпейтіндерді анықтау. Өйткені мобильді аударым бейресми есеп айырысудың ең кең тараған жолдарының біріне айналып кеткен.
Ең маңызды тұс осы: мәселе жеке картаға ақша түскен-түспегенінде емес, сол картаның кәсіп жүргізудің жасырын арнасына айналуында. Сондықтан жүйелі түрде көп адамнан ірі көлемде ақша қабылдайтындар енді салық органының назарынан тыс қалмайды. Ал хабарлама келсе, үнсіз қалу ең қауіпті шешім болмақ. Себебі бір ай ішінде жауап берілмесе, кейін тексеру басталып, артынша шотқа шектеу қою тәуекелі де туындайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







