Украина қоғамында қазір «Монако батальоны» аталып кеткен бай-олигархтардың тағдыры қызу талқылануда. Әңгіме елдегі соғыс басталғанда Лазур жағалауына, Ницца мен Сен-Жан-Кап-Ферраға, тіпті Монакоға қоныс аударған 80-нен астам ықпалды украиналықтар туралы болып тұр. Олардың қатарында саясаткерлер де, оппозиция депутаттары да, қаржыгерлер мен бизнес элитасы да бар. Ең бастысы – бәрі де орасан зор байлықтың иелері, бірақ соғыс өрті тұтанғанда елде қалмай, жайлы өмірді таңдады.
Президент Владимир Зеленский бұл мәселе жайында «Nice-Matin» басылымына берген сұхбатында өте сақ сөйлеп, заң мен мораль арасындағы айырмашылыққа ерекше назар аударды.
– Егер заң бұзылған болса, тиісті адамдар жауапқа тартылуы тиіс. Ал моральдық тұрғыдан қарағанда, бәрін бірдей айыптауға болмайды. Біреуі балаларын алып кеткісі келді, екіншісі шын мәнінде қорықты, басқаларының өз себептері болған шығар. Дегенмен, ел басына күн туған кезде майданнан сырт айналған дәулетті топтың әрекеті халықтың ашу-ызасын тудырғаны жасырын емес, – деді Зеленский.
Бұл мәселе кездейсоқ көтерілген жоқ. Өткен жылы украиналық «Украинская правда» басылымы Лазур жағалаудағы «VIP-босқындардың» фотосуреттері мен бейнематериалдарын жариялап, олардың атын атап, түсін түстеген болатын. Сол кезде-ақ қоғамда үлкен дау шыққанды ұлттық қауіпсіздік қызметі тергеу бастаған. Басты сұрақ – бұл адамдар шекарадан қалай өтті? Кім оларға рұқсат берді? Әскерге жарамды жастағы азаматтардың соғыс жағдайында елден кетуі әскери заңнаманы бұзған жоқ па?
Тергеу әлі де жалғасып жатыр. СБУ-дың ресми мәлімдемесіне қарағанда, тек кеткен адамдардың емес, оларға жол ашқан шенеуніктердің де жауапкершілігі қаралуы мүмкін.
Бұл жерде мәселе жүйенің осалдығы мен жемқорлық ықпалының қаншалықты әсер еткеніне барып тірелетіні анық. Егер шынында да белгілі бір ықпалды адамдар өздерінің байлығын пайдаланып, елдегі жалпы мобилизациядан қашып кетсе, мемлекет беделіне үлкен соққы болары сөзсіз.
Зеленскийдің өзі бұл жағдайға қатысты эмоциясын жасырып, қоғамға ашық сигнал берді. Бұл жерде президенттің сақтығын түсінуге болады. Өйткені олигархтар тек қана байлығы үшін емес, саяси ықпалы жағынан да Украинаның ішкі саясатына әсер ете алатын топ болып отыр.
«Монако батальоны» феномені Украина үшін үлкен сынақ іспетті. Бір жағынан, соғыста шынымен отанды қорғап жатқан миллиондаған қарапайым азамат бар. Олар майдан даласында өмірін қатерге тігіп жүр. Екінші жағынан, елдің жағдайын пайдаланып, қауіпсіз аймаққа қашқан ықпалды тұлғалар тұр. Қазір соғыс тек майдан даласында емес, қоғам ішінде де сенім мен әділет үшін жүріп жатыр.
Зерттеушілер мен сарапшылардың айтуынша, мұндай оқиғалар кез келген елдің бірлігін сынаққа алатынын айтуда. Егер халық өз басшыларына, элитаға сенімін жоғалтса, онда соғыс жағдайындағы қоғам әлсірей бастайды. Сондықтан да Украина билігі үшін бұл мәселенің шешімі тек заңдық емес, моральдық тұрғыдан да өте маңызды.
Нұрлан ЖҰМАХАН