Қазақстанда коммуналдық тариф төңірегіндегі қысым қайта күшейе бастады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
1 сәуірге дейін күшінде болған мораторий аяқталысымен, табиғи монополия субъектілері бағаны өсіруге өтінім бере бастаған. Енді уәкілетті орган сол сұраныстарды 30 күннен 90 күнге дейін қарап, әр өңір бойынша жеке шешім қабылдайды. Яғни алдағы кезеңде ел бойынша бірыңғай өсім емес, аймақ-аймаққа бөлінген әртүрлі тариф көрінісі қалыптасуы ықтимал.
Мұны Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Болатбаев «24KZ» телеарнасындағы «ТҮЙІН» бағдарламасында айтты. Оның сөзінше, мораторий біткен соң табиғи монополия субъектілері біртіндеп жаңа өтінім жолдай бастаған. Алайда өтінім берілді екен деп, соның бәрі бірден мақұлдана салмайды.
Нұрлан Болатбаев мәселені былай түсіндірді:
«1 сәуірге дейін тарифті көтеруге мораторий болғаны белгілі. Енді ол аяқталған соң табиғи монополия субъектілері бізге өтінім бере бастады. Тариф қалыптастыру процесінің өз қарау мерзімі бар. Өтінімдер 30 күннен 90 күнге дейін қаралуы мүмкін. Бірақ соның бәрі бірден мақұлданады деген сөз емес. Уәкілетті орган олардың негізділігін зерттейді, жария тыңдау өткізеді, барлық рәсім аяқталғаннан кейін ғана шешім қабылдайды».
Коммуналдық төлемнің өсуіне бірнеше фактор ықпал етіп отыр
Соның ішінде инфляция, коммуналдық нысандарды жөндеуге қажет тауар бағасының қымбаттауы және жалақының көтерілуі бар. Бұған қоса тозығы жеткен инженерлік желілер мен инфрақұрылымды жаңарту шығыны да тарифке салмақ түсіреді. Болатбаевтың айтуынша, әр өңірдің ахуалы әртүрлі болғандықтан, бүкіл елге ортақ бір ғана өсім деңгейі туралы айту қиын. Ол осыны да нақтылап өтті:
«Әр өңірдегі жағдай әрқалай. Бірыңғай өсім деңгейі бар деп айтуға болмайды. Табиғи монополия субъектілерінің өз тарифтік құрылымы болады. Негізгі себептің бірі – коммуналдық инфрақұрылым мен желілердің қатты тозуы. Күрделі жөндеу қажет. Ал ондай жұмыс қаржыландыруды талап етеді. Соның бәрі тариф құрылымына енгізіледі».
Тариф өсімімен қатар, мемлекет монополистердің жауапкершілігін де алға тартып отыр. Өткен жылы міндетін тиісінше орындамаған табиғи монополия субъектілері тұтынушыға 14 миллиард теңге қайтарған. Қайтарым уақытша өтемдік тариф арқылы жүргізіліп, сол сомаға тариф төмендетілген. Заң талаптарын бұзған субъектілерге қатысты 535 әкімшілік іс қозғалып, шамамен 1 миллиард теңге көлемінде айыппұл салынған.
Нұрлан Болатбаев осы жайтқа тоқталып: «Өткен жылы монополистер жіберген заңбұзушылықтарға байланысты халыққа 14 миллиард теңге қайтару жұмысын жүргіздік. Яғни уақытша өтемдік тариф арқылы тарифтер аталған сомаға төмендетілді. Бұдан бөлек, монополистерге әкімшілік шаралар қолданылды: 535 әкімшілік іс қозғалды, табиғи монополия субъектілеріне 1 миллиард теңгеге жуық айыппұл салынды», – деді.
Қысқасы, коммуналдық төлем тақырыбы алдағы айларда тағы да қоғам назарын өзіне тартатын түрі бар. Өтінімнің бәрі бірдей өтпейді, бірақ желісі тозған, шығыны өскен өңірлерде тарифке қысым күшейе түсуі мүмкін. Ең бастысы, ендігі шешім кабинет ішінде ғана емес, жария тыңдау мен негіздеме сүзгісінен кейін қабылданбақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







