Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) елдегі соңғы оқиғаларға қатысты ресми мәлімдеме жасады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
ҚМДБ исламның атын жамылған кейбір жат ағымдар мен жеке тұлғалардың әрекеттеріне алаңдаушылық білдіріп, олардың сөздері исламның шынайы болмысына мүлде сай келмейтінін жеткізді.
«Адамдардың қате әрекеті үшін исламды кінәлау дұрыс емес. Исламда кемшілік жоқ, кемшілік адамның өзінде. ҚМДБ соңғы кездері қоғамды алаңдатқан оқиғаларға байланысты өз ұстанымын білдіреді. Кейбір жекелеген тұлғалардың әрекеттері мен сөздері ҚМДБ-ның немесе ислам дінінің атынан жасалмағанын ескертеміз», – делінген мәлімдемеде.
Мүфтият қоғамда талқыланып жатқан Құрбанәлі Ахмет есімді азаматтың ҚМДБ-ға ешқандай қатысы жоқтығын ресми түрде хабарлады.
«Құрбанәлі Ахмет мүфтият қызметкері емес, онымен ешқандай байланысымыз жоқ. Ол біздің білім беру жүйемізге де, басқа бағыттағы жұмыстарымызға да қатыспайды», – деп нақтылады ҚМДБ.
Сондай-ақ…
Мәлімдемеде халықтың ұлттық мерекесі Наурыздың исламға қайшы келмейтіні ашық айтылды.
«ҚМДБ Наурыз мейрамын атап өтуге рұқсат етеді, өйткені бұл мерекеде дінге қайшы келетін элемент жоқ. Жекелеген тұлғалардың мерекеге қатысты айтқан жағымсыз пікірлері біздің ұстанымымызды білдірмейді, біз оларды қолдамаймыз. Салафиттік, ваххабиттік және тәкфіриттік ағым өкілдерінің ислам атынан жасаған мәлімдемелері де шынайы ислам құндылықтарына қайшы келеді», – деп атап өтті басқарма өкілдері.
Мүфтият аталған деструктивті ағымдардың алдын алу жұмыстарын жүргізіп, оларға еріп кеткен азаматтарды дәстүрлі исламға қайтаруға күш салып жатқанын хабарлады.
Айта кетейік, бұған дейін депутат Ермұрат Бапи Бас прокурор Берік Асыловқа және ҚМДБ-ға хат жолдап, псевдоимамдардың Наурыз мейрамына қатысты теріс пікіріне байланысты шара қабылдауды сұраған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







