Алматыдағы Ұлттық кітапханада мемлекет қайраткері, академик Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Менің ағаларым» атты эсселер кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жинаққа автордың әр жылдары жазған эсселері енген. Мұхтар Құл-Мұхаммед бұл еңбегінде өзінің өмір жолында қамқорлығын көрген, тәлім-тәрбиесін алған тұлғалар туралы сыр шертеді. Автор эсселерде қазақтың қандай халық екенін ашып көрсетуді мақсат еткенін атап өтті.
«Атамұра» баспасынан жарық көрген кітапта академиктер Манаш Қозыбаев, Салық Зиманов, Шаһмардан Есенов, Өмірбек Жолдасбеков, Зейнолла Қабдолов, Рымғали Нұрғалиев, Төрегелді Шарманов туралы тың деректер бар. Сонымен қатар профессорлар Темірбек Қожакеев, Камал Смайылов, халық қаһармандары Рақымжан Қошқарбаев пен Қасым Қайсенов туралы да жылы естеліктер келтірілген. Бұдан бөлек, сәулетші Шот-Аман Уәлихан, дипломат Мұрат Әуезов пен драматург Қалтай Мұхамеджанов жайлы автордың әсерлі жазбалары енген.
Кітаптағы «Асылзада» эссесі автордың әкесі Абрар Әкетайұлына арналған шығарма. Автордың қолына алғаш қалам ұстатып, «Әліппеден» бұрын қасиетті «Құранды» оқытқан әке бейнесі көркем суреттелген.
Жаңа кітаптың тұсауын Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов пен филология ғылымдарының докторы Жанғара Дәдебаев кесті. Сондай-ақ рәсімге Ұлттық кітапхананың директоры Ғазиза Құдайберген, ақын Ақұштап Бақтыгереева мен жазушы Кәдірбек Сегізбай қатысты.

Таныстырылымда сөз сөйлеген ғалымдар мен қаламгерлер эсселер жинағының терең зерттеулер мен мұрағат деректеріне негізделгенін айтты. Шараны жүргізген «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып: «Академик Мұхтар Құл-Мұхаммед бұл еңбегі арқылы жас ұрпаққа шамшырақ болар он бес тұлғаның өмірін үлгі етті», – деп түйіндеді.
Кітап Алматы қаласындағы кітапханаларға он данадан таратылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

