Маңғыстау облысының прокуратурасы мұнай-газ саласындағы бес кәсіпорынды тексеруге алды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Тексеру барысында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес ұйымы – «ОйлТранспортКорпорейшн» серіктестігінің лауазымды тұлғалары техникалық талаптарға сай келмейтін автобустарды жеткізушіден қабылдап алғаны белгілі болды. Оның үстіне автобустардың бағасы нарықтағы нақты құнынан 400 миллион теңгеге қымбатқа бағаланған. Жалпы сомасы – 1,5 миллиард теңгеден асады.
Сондай-ақ дәл осы кәсіпорынның жұмыс істелмеген арнайы техника қызметтері үшін 110 миллион теңгеден астам қаражат аударғаны анықталды.
Ал «ОйлТранспортКорпорейшн»-нің мердігері – «West Oil Software» серіктестігі жұмысқа шықпаған қызметкерлерге 400 миллион теңгеден астам жалақы аударған. Бұдан бөлек, компания басшылығының туыс-туғандары да заңсыз негізде жалақы алып отырған.
Қазіргі таңда аталған деректер бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі («Сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде иемдену немесе жымқыру») бойынша бес бірдей қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізетін процестік прокурорлар белгіленді.
Осы істің аясында төрт жоғары лауазымды тұлға ұсталды. Барлық іс Маңғыстау облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің бақылауында. Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат әзірге жарияланбайды.
Айта кетейік, Қазақстан заңнамасында бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде жымқырғаны үшін жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру, сондай-ақ мүлкін тәркілеу және белгілі бір лауазымдарды атқаруға тыйым салу жазасы көзделген.

