«КазТрансОйл» компаниясы мен оның қытайлық серіктесі CNODC компаниясы ресейлік мұнай транзитінен түскен кірісті сот арқылы бөліспекші, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жыл сайын «Роснефть» компаниясы шамамен 10 млн тонна мұнайды Қазақстан аумағы арқылы Қытайға екі мұнай құбыры бөліктерімен тасымалдайтыны белгілі.
Транзиттік тариф бір тонна үшін 15 долларды құрайды (ҚҚС есепке алынбаған). Алайда 2025 жылдың 8 сәуірінен бастап тарифтің құбыр бөліктері бойынша бөлінуі өзгертілген болатын. Прииртышск – Атасу бағытындағы тариф бір тонна үшін 4,23 доллардан 7,24 долларға дейін өсті.
Ал Атасу – Алашанькоу бөлігі үшін тариф 10,77 доллардан 7,76 долларға төмендеген. Қытай серіктесі өз үлесіне тиесілі табыстың азаюымен келіспей, сот арқылы тарифтің өзгеруіне қарсылық білдіріп отыр. Осы мәселе бойынша кезекті сот отырысы бүгін өтеді деп жоспарлануда.
«КазТрансОйл» компаниясының ұстанымы бойынша, Атасу – Алашанькоу құбыр бөлігін салуға салынған барлық инвестициялар толық қайтарылған, сондай-ақ бірлескен кәсіпорын бұған дейін тартқан несиелер толығымен өтелген.
«Осыған байланысты тарифтік құрылымды түзету инвестиция қайтарылғаннан кейін көлік жүйесінің учаскелері арасындағы кірісті экономикалық тұрғыдан негізделген әрі әділ қайта бөлу ретінде қарастырылуы мүмкін. Бұл ретте маршрут бойынша жалпы тариф сақталады. Инвестициялар қайтарылғаннан кейін мұндай тәжірибе инфрақұрылымдық жобаларда кеңінен қолданылады», – делінген ұлттық компанияның мәлімдемесінде.
Айтқандай, ҚР Көлік министрлігі ақылы жолдардағы төлем жасау тәртібіне қатысты өзгерістер енгізді. Тиісті бұйрыққа қол қойылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







