Халықаралық Энергетика агенттігінің соңғы баяндамасы мұнай дәуірінің шарықтау шегі жақындағанын айқын көрсетіп отыр. Сарапшылардың болжауынша, 2030 жылы жаһандық сұраныс ең жоғары деңгейге жетіп, содан кейін біртіндеп төмендей бастайды. Африка мен Азиядағы дамушы елдерде тұтыну өсіп жатқанымен, 2050 жылдан кейін баламалы қуат көздері жел, күн және атом станциялары басты орынға шығуы ықтимал. Электр көліктері кең таралып, көмірсутекке тәуелділік азаяды. Осы болжамдардың шынайылығын бағалау үшін «Жаһан жайы» бағдарламасының тұрақты сарапшысы Айнұр Тұқымова әлемдік энергетикалық аналитиканың жетекші өкілдерінің бірі, S&P Global компаниясының вице-президенті Мэттью Сейгерспен әңгімелесті. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. Білікті маман Қазақстанның энергетикалық келешегі жайында ой бөлісті.
– Доктор Сейгер, энергетикалық транзит ұғымы бүгінде жиі айтылады. Орталық Азия мен Қазақстан бұл үдеріске қалай бейімделіп жатыр деп ойлайсыз?
– Энергетикалық транзит адамзат дамуының табиғи кезеңі. Қазір әлем әлі де мұнай мен газға тәуелді, бірақ олардың үлесі біртіндеп азайып келеді. Жаңартылатын энергия көздері күн, жел, атом болашақта негізгі рөлге ие болмақ. Мұндай өзгеріс парниктік газдар шығарындыларын төмендетіп, климаттың өзгеруін тежеуге ықпал етеді.
Орталық Азия елдері бұл бағытта әртүрлі қарқынмен дамуда. Мысалы, Қазақстан жаңартылатын энергия саласында өңірлік көшбасшыға айналды. Көмір мен мұнай-газ өндірісі басым елдің осындай деңгейге жетуі елеулі жетістік. Ал Қырғызстан мен Тәжікстан гидроэнергетиканы дамытып, табиғи су ресурстарын тиімді пайдалануға тырысып жатыр. Өзбекстан да газ қорының азаюына байланысты жаңа бағыттарға бет бұруда. Яғни, бүкіл аймақта энергетикалық бейімделу жүріп жатыр, ал оның алдыңғы шебінде Қазақстан тұр.
– Мұнай нарығындағы тұрақсыздық жиілеп кетті. Кейбір сарапшылар оны жаңа дағдарыстың белгісі деп атайды. Сіздің ойыңызша, ОПЕК және өзге ұйымдар жағдайды қалай тұрақтандыра алады?
– Мұнай нарығындағы тұрақсыздық қазіргі әлемнің ажырамас бөлігі. Бұрын мұндай құбылмалылық тек экономикалық себептермен түсіндірілсе, қазір оған геосаяси дағдарыстар мен технологиялық өзгерістер қосылды. Тұрақсыздықты толығымен жою мүмкін емес, бірақ оны жұмсартуға болады.
Оның бір тәсілі тәуекелдерді бөлісу.
Мысалы, ОПЕК+ секілді ұйымдар елдерді бірлесе әрекет етуге итермелейді. Мұндай одақтар бағаның күрт ауытқуын тежеп, нарықтағы тәртіпті сақтауға көмектеседі. Дегенмен, тұрақтылыққа әсер ететін факторлар көп болғандықтан, толық сенім орнату қиын.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, күтпеген дағдарыстар кез келген сәтте басталуы мүмкін. 2008 жылғы «Ұлы рецессия» соның айқын мысалы. Ол АҚШ тұрғын үй нарығынан басталып, бүкіл әлемге әсер етті. Сол сияқты бүгінгі соғыс пен санкциялар да мұнай бағасына ықпал етіп отыр. Сондықтан елдерге тұрақты дипломатиялық байланыстарды күшейту қажет. БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдармен бірлесе әрекет ету осындай тәуекелдерді азайтудың тиімді жолы.
– Сіз Қазақстанның ірі ұйымдармен ынтымақтастығы туралы айтып өттіңіз. Алайда кей елдер, мысалы Кувейт, ОПЕК құрамынан шығып кетті. Мұндай шешімдердің артында не жатыр?
– Әрбір елдің шешімі оның экономикалық басымдықтарына байланысты. Кез келген мемлекет белгілі бір ұйымға ортақ мақсатқа жету үшін кіреді. Бірақ уақыт өте келе сол ұйымның бағыты өз мүдделерімен үйлеспей қалуы мүмкін. Кувейт жағдайында дәл солай болды.
Қазақстан да қазір осындай кезеңге аяқ басқандай. Теңіз кен орнын кеңейту жобасы елдің мұнай өндіру көлемін арттыруға мүмкіндік берді. Бұл өз кезегінде ОПЕК+ келісіміндегі өндіріс шектеулерін сақтауды қиындатты.
Қазақстан өз ұстанымын ашық білдіріп, ұлттық мүдделерін қорғады. «Біз өз шешімдерімізді ішкі басымдықтарымызға сай қабылдаймыз» деген ұстаным егемен елге тән қасиет. Мұндай жағдайда ұйымдар арасындағы «қашықтықтың» артуы табиғи нәрсе.
– Қазіргі уақытта әлем энергетикасында жаңа технологиялар мен экологиялық саясат қатар жүріп келеді. Қазақстан осы бағытта қандай әлеуетке ие деп ойлайсыз?
– Қазақстан энергетикалық өзгерістер дәуірінде дұрыс бағытта келе жатыр. Ел өзінің табиғи байлығын сақтай отырып, сонымен қатар жаңартылатын энергияны дамытуға ерекше назар аударуда. Бұл стратегиялық шешім.
Әлемде энергетикалық тепе-теңдік қайта құрылып жатыр: көмірсутек дәуірі әлсіреп, жасыл энергия мен цифрлық технологиялар алға шықты. Осындай жағдайда Қазақстан жаңа нарықтарға шығуға қабілетті елдердің қатарында.
Қазірдің өзінде күн және жел энергиясы бойынша бірнеше ауқымды жоба іске қосылды.
Энергетикалық инфрақұрылым заманауи талаптарға бейімделуде. Ең бастысы ел өзінің табиғи ресурстарын жаңартылатын қуатпен ұштастыра білді. Мұндай тепе-теңдік ұзақ мерзімді экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
– Ал мұндай тұрақсыздық дәуірінде елдер қандай стратегия ұстануы қажет?
– Бірінші кезекте, елдер өздерінің ішкі тұрақтылығын күшейтуге тиіс. Яғни, экономиканы әртараптандыру, технологиялық тәуелділікті азайту, адами капиталға инвестиция салу қажет. Қазақстан осы бағытта жақсы қадам жасап келеді. Экономикалық реформалар мен энергетикалық жаңғыру қатар жүріп жатыр. Бұл елге әлемдік нарықтағы өзгерістерге тез бейімделуге мүмкіндік береді.
Екінші маңызды фактор – серіктестік. Бүгінде ешбір мемлекет жалғыз әрекет ете алмайды. Көпжақты ынтымақтастық, мысалы Еуразиялық экономикалық одақ, БҰҰ немесе аймақтық серіктестіктер арқылы тәуекелдерді бөлісу тиімді. Бірақ ең маңыздысы – өз бағытыңды айқындау. Қазақстан соны жасай алды.
– Сіздің ойыңызша, Қазақстан энергетикалық саясатта қандай артықшылыққа ие?
– Ең үлкен артықшылығы стратегиялық ойлау. Елде мұнай мен газ бар, сонымен қатар жаңартылатын энергия көздері дамып келеді. Бұл тепе-теңдік мемлекетке ұзақ мерзімді тұрақтылық береді.
Сонымен қатар, Қазақстан географиялық тұрғыдан да маңызды аймақтың ортасында орналасқан. Ол Азия мен Еуропаны жалғайтын энергетикалық көпір рөлін атқара алады.
Саяси тұрғыдан да Қазақстан аймақтық тұрақтылықтың үлгісін көрсетіп отыр. Елдің халықаралық келісімдерге адалдығы мен бейбіт бағыт ұстануы инвестиция тартуға қолайлы жағдай туғызады. Энергетикадағы жетістіктер тек экономикалық нәтиже емес, елдің саяси беделін де арттырады.
– Әңгімеміздің соңында Қазақстанның энергетикалық болашағына қатысты жеке көзқарасыңызды білгіміз келеді.
– Мен Қазақстанның энергетикалық келешегіне сенемін. Ел өзінің ресурстарын дұрыс бағытта пайдаланып, инновацияны дамыта алса, әлемдік көшбасшылар қатарынан көрінеді. Энергия қауіпсіздігі экономикалық тәуелсіздіктің тірегі. Сондықтан Қазақстан үшін басты міндет көмірсутек дәуірінен жаңа энергия дәуіріне біртіндеп, бірақ нық қадаммен өту. Бұл тек энергия туралы емес, елдің келешегі мен өркениеттік таңдауы туралы мәселе.