Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңір жастарын ашық әңгімеге тартып, еңбек нарығының шынайы бет-бейнесін боямасыз баяндады деп хабарлайды Ertenmedia.
Президент Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандық жылы» деп жариялауы бекер емес екенін баса айтқан аймақ басшысы мұнайдан басқа да бағыттардың мол екенін тұспалдап жеткізді.
Үш сағатқа созылған ашық диалогта әкім жастардың мұнай саласына ғана үміт артып, басқа кәсіпке қырын қарауы келешегіне тұсау боларын сөз арасына салмақтап қосты.
«Жастардың көпшілігі мұнай саласында табыс тауып, жұмыс істеуді қалайды. Бірақ бұл салада бәсеке көп, орын тапшы. Ақиқаты табысқа жеткен талай азаматтар мансап жолын мұнай мұнарасынан емес, қарапайым кәсіптен бастаған.
Табанды бола білсең, төзімділік пен адал еңбектің арқасында қай саладан болса да өз орныңды табуға болады.
Қазір біздегі кәсіпорын мен құрылыстарда көрші елдерден келген мыңдаған жұмысшы еңбек етіп жүр. Олардың саны облыстағы жұмыссыздар санынан әлдеқайда көп. Бұл дегеніміз еңбектен қашпасаң, жұмыс бар, екпіндеп өсуге жол ашық. Сондықтан мұнайдың маңайында ғана малтығып қалмаңыздар», – деді облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Жиынға қатысқан 500-ге жуық жас ұсынысын ортаға салып, түрлі әлеуметтік бастамалар мен идеяларын жеткізді. Нұрдәулет Қилыбай ұтымды жобаларды назарға алып, кейбірін нақты қолдайтынын білдірді.
Қазіргі таңда облыста 14 пен 35 жас аралығындағы 240 мыңнан аса жас бар.
Олардың кәсіби дамуы мен тұлғалық қалыптасуы үшін 7 жастар ресурстық орталығы қызмет етеді. Сондай-ақ, аймақтағы 26 ірі кәсіпорында жас мамандардың кеңесі құрылған.
Әкімдік мұнайдан өзге салаларды игеріп, еңбек етіп жатқан жастарды қолдау ісін жандандыратынын мәлімдеп отыр.