Жаһандық саясаттағы соғыс, санкция, белгісіздік Қазақстанға көп таңдау қалдырмай тұр. Ел бұрынғыдай мұнайға ғана сеніп отыра алмайтыны анық. Мұнай экспортындағы қысқа үзілістің өзі жүздеген миллион доллар жоғалту қаупін туындататынын байқадық. Ал мұнай логистикасын Баку арқылы өзгертудің өзі үш есе қымбатқа түсетіні айтылуда. Осындай жағдайда ел экономикасы мұнайға ғана сүйенуіне болмайды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлар кеңесінде осы ойды талай мәрте бір ойды нақты айтты. Қазір Қазақстан тек шикізат экспортына, мұнай кірісіне, сыртқы конъюнктураға арқа сүйеп отыратын заман емес. Ұзаққа созылған «мұнай суперциклінің» аяқталуы, соғыс салдарынан теңіз дәліздерінің жабылуы, санкциялар кесірінен кей жобалардың іске аспай қалуы бәрі елге жаңа экономикалық тірек керек екенін аңғартты.
Сол тіректің бірі, тіпті негізгісі ретінде тау-кен саласы алдыңғы қатарға шығырудың маңызы зор. Мұнда дайын өндірістік база бар, ірі кәсіпорындар қалыптасқан, геология, руда, металлургия бойынша ондаған жылдық тәжірибе жинақталған.
Тау-кен секторы Қазақстанда бұрыннан бар. ЖІӨ-нің үлесі 12 пайызға жуық, кей кезеңде мұнайдан бұрын елдің негізгі табыс көзі болғаны да белгілі.
Қазір бұл сала қайтадан стратегиялық рөлге ие бола бастады. «ERG», «Qarmet», «Қазцинк», «Қазақмыс», «KAZ Minerals» сияқты алыптар бірнеше өңірде жүздеген мың адамға жұмыс беріп отыр. Осы компаниялар қай бағытқа жұмыс істейді? Қорын шетелге шығара бере ме, әлде табысты Қазақстандағы нақты өндіріс пен жаңғыртуға салады ма – осы таңдауға тіреліп тұр.
Бүгінде басқа саладан келген, тау-кен өндірісін терең түсінбейтін менеджерлердің жәй ғана «ақша ағымын басқарушы» болып қалу қаупі бар. Геология, жарылыс, кеніш, жабдық, химиялық процесс, еңбек қауіпсіздігі дегеннің бәрін білмей, мұндай саланы кабинеттен ғана басқару мүмкін емес. Бір дұрыс емес шешім тұтас кәсіпорынға, кейде өңірлік экология мен адамдар тағдырына әсер етеді. Сол үшін сарапшылар «тау-кен саласына өз ісін білетін мамандар келуі керек» деп айтып жүр.
Осы ретте ERG корпорациясы мен Шухрат Ибрагимов мысалын айналып өту қиын. Компания жылдар бойы тек шикізат сатып, дивидент алып қана қоймай, соңғы үш-төрт жылда нақты өндіріс жобаларына миллиардтаған доллар салды.
Шұбаркөлде бұрын импорттап келген арнайы коксты шығаратын зауыт іске қосылды. Тау-кен қалдықтарын өңдейтін ERG Green жобасы жүріп жатыр. Ақсу ферроқорытпа зауытында пештер мен сүзгілер жаңартылуда, Хромтауда жел электр станциясы салынса, Рудныйда HBI зауытының құрылысы басталды. Корпорация Павлодарда галлий өндіретін зауытқа кірісіп кетті. Инвестиция көлемі 3,5 млрд доллардан асып, бұғатта тұрған қаражатты Қазақстанға қайтару арқылы тағы жүздеген миллион доллар төледі. Бұл жерде әңгіме тек цифрда емес, ұстанымда. Шухрат Ибрагимов холдингтің табысын офшорға емес, ел ішіндегі өндіріске жұмсауды компания қағидасына айналдыра бастады.
Міне, сондықтан сарапшылар «басқа тау-кен алпауыттары да өздерінің «Шухрат Ибрагимовын» таба ала ма?» деген сауалды жиі қояды. Яғни, саланың ішінен шыққан, технологияны түсінетін, әлемдік нарықпен жұмыс істей алатын, бірақ сонымен бірге ұлттық мүддені бірінші қоятын менеджер қажет деген сөз.
Еліміздегі тау-кен кәсіпорындарына дәл осындай жаңа буын басқарушылар керек. Шаруасын тек дивидентпен шектемей, зауыт жаңартып, жаңа кеніш ашып, экологиялық стандартты көтеріп, өңделген өнімге басымдық беретін басшылық қажет.
Соңғы жағдайлар тек мұнайға арқа сүйеудің тәуекелге тым жоғары екенін қолмен қойғандай көрсетіп берді. Бір теңіз терминалының жұмысы тоқтаса, экспорт екі есе қысқарады, бюджетке түсетін түсім кемиді, жоспарланған әлеуметтік жоба қиындайды.
Ал тау-кен саласы география жағынан да, өнім түрі жағынан да әртараптандыруға қолайлы. Темір рудасы, хром, мыс, алюминий, сирек металдар – әрқайсысы бөлек нарық, бөлек сатып алушы. Сол нарықтарға тек шикізат емес, жоғары қосылған құнды өніммен шығу алдағы онжылдықтың басты мақсатына айналуы тиіс.
Қорыта айтсақ, Қазақстан мұнайға сүйенген саясатпен алысқа бара алмайды. Соғыс, санкция, геосаяси қысым күшейген кезеңде тұрақтылықты қамтамасыз ететін сала – тау-кен өндірісі. Оның ішінде ERG секілді компаниялардың тәжірибесін көпке үлгі бола алады. Шухрат Ибрагимов таңдап отырған жол «табысты ел ішінде қалдыру, зауыт салу, өндірісті жаңарту, энергетиканы жасылдандыру» мұнайдан кейінгі дәуірге дайындалғысы келетін барлық ірі бизнеске бағдар болуы шарт.
Мемлекет те, қоғам да енді инвестицияның қайда кетіп жатқанын емес, қандай кеніш ашылғанын, қанша зауыт жаңарғанын, қанша жоғары технологиялық жұмыс орны пайда болғанын көбірек сұрайтын кезеңге келді.
Нұрлан ЖҰМАХАН

