Маңғыстау облысында биылғы жылдың 11 айында өңірлік өнім 2,4 трлн теңгеге жетсе, өнеркәсіп көлемі 2,9 трлн теңгеден асты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Сауда айналымы 1 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 108 пайызға өсуі – қарапайым дүкен мен базардағы қарбаластың да артқанын аңғартады.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай сандарды тізіп қана қойған жоқ, бағытын да ашық айтты.
– Маңғыстау облысы дамуының негізгі тіректері өңдеу өнеркәсібі, туризм, көлік және логистика, шағын және орта бизнес, балық шаруашылығы, – деді аймақ басшысы.
Бұл сөздің артында нақты көрсеткіш тұр. Инвестиция көлемі 949,9 млрд теңгеге жетіп, өсім 105 пайыздан асқан. Құрылыс жұмыстары 309,6 млрд теңгеге жетіп, тұрғын үй мен инфрақұрылымда қозғалыс барын көрсетті.
Көлік пен логистика саласының 501,8 млрд теңгеге жетуі де кездейсоқ емес. Маңғыстау тек мұнайлы өңір емес, транзиттік мүмкіндігі бар аймақ. Соңғы уақыттары осы әлеует іске қосыла бастағаны байқалады. Ауыл шаруашылығы мен байланыс салаларында да өсім бар.
Нұрдәулет Қилыбай тағы бір маңызды жайтты атап өтті. «Соңғы үш жылда облысқа 3 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылды» деді ол.
Бұл бір күндік көрсеткіш емес, ұзақ жұмыс пен жүйелі шешімнің нәтижесі. Өңірдің экономика бір салаға ғана байланбай, әртараптанып келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.
Ал сауданың 108 пайызға өсуі сол өзгерістің халық күнделікті өмірде сезіне бастаған белгісі. Ақша қозғалған жерде жұмыс орыны ашылып, сенім пайда болады.
Бұған дейін Маңғыстау облысындағы Орталық Азиядағы алғашқы теңіз аквашаруашылық жобасы іске асып жатқанын жазған болатынбыз.

