Президент Тоқаев құқық қорғау органдарының алғашқы кеңейтілген алқа мәжілісінде азаматтардың жеке деректерін қорғау мәселесіне ерекше тоқталып, бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды деп жазады Ertenmedia.
Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы уақытта интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық күрт көбейген. Мұндай қылмыстарды көбіне шетелден басқарылатын, күрделі ұйымдасқан топтар жасап отыр. Бұл жағдай тергеу процесін айтарлықтай қиындатып отыр.
«Алаяқтық әрекеттердің алдын алу ерекше маңызды. Қазір Ұлттық банк жанынан заманауи антифрод-орталық құрылды.
Біз алаяқтардың банк пен ұялы байланыс операторларының инфрақұрылымын пайдалануына жол бермеу үшін, оларға ортақ жауапкершілік енгізіп жатырмыз. Қазақстан азаматтарының жеке деректерін сенімді қорғау біздің басты міндетіміз.
Сонымен қатар, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру үшін барлық деңгейдегі депутаттармен бірлесіп, алаяқтыққа қарсы иммунитет қалыптастыруымыз керек», – деді президент.
Тоқаев тағы бір маңызды мәселені көтерді. Қазір қазақстандықтардың көбі алаяқтардың ақша жымқыру және заңсыз қаржы айналымы схемаларына жиі түсіп отыр. Кейбір азаматтар ақшалай сыйақы үшін өз банк шоттарын алаяқтарға пайдалануға береді. Соңғы бір жарым жылдың ішінде мұндай әрекетке 50 мыңға жуық адам тартылған. Олардың басым көпшілігі жастар.
«Жастарымыз мұндай схемалардың салдары қаншалықты ауыр екенін білмейді. Бұл өте қауіпті үрдіс. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктермен бірлесіп, алаяқтық шоттарды дер кезінде анықтау және бұғаттау жүйесін құруы тиіс», – деді президент.
Мемлекет басшысы тағы бір күрделі мәселеге SIM-карталардың бақылаусыз таралуына назар аударды. Биылдың өзінде Қазақстанда бөгде адамдардың атына рәсімделген 100 мыңға жуық SIM-карта анықталған. Олар қылмыстық мақсаттарда пайдаланылып отыр.
Осыған байланысты президент Үкіметке және тиісті мемлекеттік органдарға SIM-карта сатуды нақты реттеуді және ұялы байланыс операторларының жауапкершілігін күшейтуді тапсырды.
Осылайша, президент Тоқаев Қазақстан азаматтарының жеке мәліметтерінің сенімді қорғалуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылдануы керек екенін баса айтты.