Мұратхан Тоқмәдиге қатысты іс қайта қозғалды. Бұған дейін кәсіпкерді мерзімінен бұрын босату туралы шешім шыққан, алайда Ержан Тәтішевтің отбасы бұған қарсы, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қонаев қалалық соты биыл 26 шілдеде Тоқмәдидің мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырған. Шешім бойынша ол 10 тамыз күні бостандыққа шығуы тиіс еді. Алайда зардап шеккен тарап марқұм банкир Ержан Тәтішевтің отбасы бұл туралы мүлде хабарсыз болғандарын алға тартып, шешімнің күшін жоюды талап етті.
Отбасының адвокаты бұл мәселе қайта қаралып, Алматы облыстық сотының апелляциялық алқасына жіберілгенін мәлімдеді. Қазір Мұратхан Тоқмәди колонияда жазасын өтеуді жалғастыруда.
Ал Тоқмәдидің адвокаттары болса, Қонаев сотының шығарған шешімін «толық заңды» деп санайды. Олар зардап шегуші тараптың бұған дейін екі рет өткен сот отырыстарына мүлдем қатыспағанын айтып отыр.
«Мұратхан Тоқмәди Қылмыстық кодекстің 72-бабындағы барлық талапты орындаған. Ол жазасының заңмен белгіленген бөлігін өтеді, ешқандай тәртіптік жазасы жоқ және жәбірленуші тарапқа қарыз емес. Осы шарттардың бәрі орындалғандықтан, оның босатылуы заңды. Бұл шешімді қайта қарауға еш негіз жоқ», – дейді қорғаушы тарап.
Контекст
Еске сала кетсек, «Тұран Әлем Банкінің» басшысы Ержан Тәтішев 2004 жылы аңшылық кезінде оқ тиіп қаза тапқан болатын. Бастапқыда бұл оқиға қайғылы жағдай деп бағаланып, Тоқмәди «абайсызда кісі өлтіру» бойынша кінәлі танылып, бір жылға бас бостандығы шектелген.
Алайда 2017 жылы іс қайта қаралып, Тоқмәди банкирді қасақана өлтіргенін мойындады. Тергеу материалдарында оның бұл қылмысты Мұхтар Әблязовтың тапсырмасымен жасағаны айтылады.
Нәтижесінде, 2018 жылы наурыз айында Тоқмәдиге 10,5 жылға түрме жазасы кесілген. Бұл жазаны өтеу мерзімі әлі аяқталмағанымен, ол мерзімінен бұрын босату туралы өтініш берген еді.
Алдағы уақытта апелляциялық алқа бұл істі қайта қарамақ. Әзірге кәсіпкердің қашан босайтыны белгісіз күйде қалып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

