Гренландия жер шарындағы ең ірі аралдардың бірі әрі, табиғи ресурстар қоры бойынша да әлемдегі ең бай аумаққа жатады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мұнда «жасыл» технологиялар үшін шешуші маңызға ие литий мен сирек жер элементтері, өзге де бағалы металдар мен минералдар бар. Соынмен қатар мұнай мен газды қоса алғанда, орасан зор көмірсутек әлеуеті шоғырланған.
Гренландия неліктен құнды аймаққа айналды
Ғалымдардың бағалауынша, аралдың қалың мұз қабатының астында жатқан сирек жер элементтерінің кемінде үш ірі кен орны әлемдегі ең ауқымды нысандардың қатарына енуі мүмкін. Олар аккумулятор өндірісі мен электр компоненттеріне қажет шикізат тұрғысынан жаһандық энергетикалық ауысымда маңызды рөл атқарады.
Көмірсутек пен минералдық байлықтардың осындай көлемі бар. Дания мен АҚШ тарапынан коммерциялық және экологиялық тұрғыдан барлау жұмыстарын күшейтуге түрткі болып отыр. Гренландияның солтүстік-шығысындағы құрлықта, мұз басқан аумақтарды қоса есептегенде, шамамен 31 миллиард баррель мұнай баламасына тең көмірсутек қоры бар. Мұндай көлем АҚШ-тағы барлық дәлелденген мұнай қорының деңгейімен шамалас.
Аралдың мұздан бос жатқан аумағы жалпы территорияның бестен бірінен де аз. Алайда оның өзі Ұлыбритания аумағынан екі есеге жуық үлкен. Осы жайттың өзі мұз астында зерттелмеген табиғи ресурстардың әлі де мол екенін аңғартады.
Ресурстардың мұндай шоғырлануы Гренландияның соңғы төрт миллиард жылды қамтитын ерекше геологиялық тарихымен тікелей байланысты. Мұнда Жер бетіндегі ең көне жыныстардың бірі, сондай-ақ метеориттік емес, табиғи самородты темірдің ірі кесектері кездеседі. Өткен ғасырдың 1970-жылдары алмазға бай кимберлит түтіктері анықталған. Бірақ логистикалық қиындықтарға байланысты олар әлі күнге дейін игерілмей келеді.
Геологиялық тұрғыдан алғанда, бір аймақта табиғи ресурстардың қалыптасуының үш негізгі тетігінің қатар кездесуі сирек құбылыс саналады. Гренландияда мұнай мен газдан бастап сирек жер элементтері мен асыл тастарға дейінгі ресурстар таутүзілу процестерімен, жер қыртысының созылып-ажырау кезеңдерімен және жанартаулық белсенділікпен байланысты.
Ұзаққа созылған таутүзілу кезеңдері жер қыртысын жарып, алтын, рубин секілді асыл тастар мен графиттің жарықтар мен жарықшақтарда шоғырлануына жағдай жасаған. Графит литий батареялары үшін маңызды шикізат саналады. Дания мен Гренландияның Геологиялық қызметі оны ірі өндіруші елдермен салыстырғанда әлі де жеткілікті деңгейде зерттелмеген ресурс ретінде бағалайды.
Мұнай мен газ
Ресурстардың негізгі бөлігі жер қыртысының ажырау кезеңдерінде қалыптасқан. Соның ішінде шамамен 200 миллион жыл бұрын Атлант мұхитының пайда болуымен байланысты геологиялық өзгерістер ерекше орын алады.
Құрлықтағы шөгінді алаптар, әсіресе Джеймсон-Ленд бассейні, Норвегия шельфіндегі сияқты мұнай мен газға бай болуы ықтимал. Дегенмен барлау жұмыстарының құнының тым жоғары болуы коммерциялық игеруді тежеп отыр.
Соңғы зерттеулер Гренландияның бүкіл шельф аймағын қамтитын кең көлемді мұнай-газ жүйелерінің болуы мүмкін екенін көрсетіп отыр. Мұздан салыстырмалы түрде бос жағалау аймақтарындағы шөгінді алаптарда қорғасын, мыс, темір және мырыш кездеседі, ал олардың шағын көлемдегі өндірісі XVIII ғасырдың соңынан бері жүргізіліп келеді.
Гренландия Исландиядағыдай белсенді жанартаулық аймақта орналаспағанымен, елдегі ең маңызды шикізат ресурстарының бір бөлігі дәл осы вулканизммен байланысты. Ниобий, тантал, иттербий секілді сирек жер элементтері магмалық жыныстар қабаттарынан табылған.
Сарапшылардың болжамынша, мұз астындағы диспрозий мен неодим қоры болашақтағы әлемдік сұраныстың төрттен бірінен астамын жабуға жеткілікті. Жалпы көлемі шамамен 40 миллион тоннаға жуықтайды. Бұл элементтер жел энергетикасында, электр көліктерінің қозғалтқыштарында, жоғары температурада жұмыс істейтін магниттерде, соның ішінде ядролық реакторларда алмастырылмайтын рөл атқарады.
Күрделі дилемма
Гренландияның оңтүстігіндегі Кванефьельд сияқты белгілі кен орындарының өзі немесе аралдың орталық тасты ядросында әлі ашылмаған ресурстар жаһандық сирек жер элементтері нарығына елеулі ықпал етуі мүмкін. Олардың әлем бойынша салыстырмалы түрде тапшы болуы мұндай әсерді одан әрі күшейтеді.
Алайда мұнда күрделі дилемма бар. Энергетикалық ауысым қазба отындарын жағудың қауіп-қатерін түсінумен қатар жүріп отыр. Сол өзгерістің өзі Гренландиядағы көптеген табиғи ресурстардың қолжетімділігіне әсер етуде. Климаттың жылынуы мұз қабаттарын ерітіп, бір жағынан ресурстарды ашса, екінші жағынан экожүйеге орасан зиян келтіру қаупін арттырады.
1995 жылдан бері мұз еріген аумақтың көлемі Албаниямен шамалас территорияға жеткен. Егер жаһандық көмірқышқыл газы шығарындылары күрт азаймаса, үрдіс одан әрі жеделдеуі ықтимал.
Қазіргі зерттеу әдістері, соның ішінде георадар технологиялары, екі шақырымға дейінгі мұз қабатының астындағы бедерді анықтауға мүмкіндік беріп отыр. Соның арқасында жер қойнауындағы әлеуетті ресурстар жайлы түсінік кеңейе түсті. Алайда мұз астындағы барлау жұмыстары баяу жүріп жатыр.
Алдағы уақытта таңдауы қиын сұрақ туындауы мүмкін. Энергетикалық ауысымды жеделдету үшін қолжетімді болып келе жатқан ресурстарды белсенді игеру қажет пе, әлде табиғи тепе-теңдікті сақтауға басымдық беру керек пе. Ресурстарды қарқынды өндіру Гренландияның бірегей ландшафтына зиян келтіріп, теңіз деңгейінің көтерілуін жылдамдатуы мүмкін. Мұндай жағдай жағалаудағы елді мекендерге тікелей қауіп төндіреді.
Қазіргі кезеңде Гренландиядағы барлық тау-кен және ресурс өндіру қызметі 1970-жылдардан бері қалыптасқан қатаң құқықтық база арқылы реттеледі. Дегенмен АҚШ тарапынан аралдың болашағына деген қызығушылықтың артуы бұл бақылауды жұмсартып, жаңа барлау лицензияларын беруге қысымды күшейтуі ықтимал. Осындай жағдайда Гренландия табиғи байлық пен экологиялық жауапкершілік арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың күрделі сынағына тап болып отыр.
Венесуэланың уақытша үкіметі АҚШ-қа 30-дан 50 миллион баррельге дейін санкцияға іліккен жоғары сапалы мұнай жеткізбек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

