Алматыда 2019 жылы апатқа ұшыраған Bek Air ұшағының ісіне соңғы нүкте қойылды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Түрксіб аудандық соты ұшақ командирі Марат Мұратбаев пен екінші ұшқыш Миржан Молдақұловты кінәлі деп таныды.
Олар Қылмыстық кодекстің 344-бабы 3-бөлігі бойынша («Әуе көлігі қозғалысы немесе пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу») айыпты деп табылды.
Алайда екі ұшқыштың да қаза болуына байланысты оларға жаза тағайындалған жоқ. Марқұмдардың туыстары 1,7 млн теңге сот шығынын төлеуден босатылды.
Іс материалдарына сүйенсек, ұшақ апатына негізгі себеп әуе кемесінің қанатын мұздан тазарту ережесін бұзу. Экипаж шығынды азайту мақсатында әуе кемесінің тек стабилизаторын ғана мұздан тазартқан. Қанаттары мұз күйінде қалған ұшақ биіктікке көтеріле алмай, ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, салынып жатқан үйге соғылған болатын.
Ұшақта болған 12 адам қаза тапты, оның ішінде экипаж командирі Мұратбаев та бар.
Қайғылы оқиғадан зардап шеккен жолаушылар мен олардың туыстары 4,91 млрд теңге көлемінде моральдық, 90 млн теңге материалдық өтемақы талап етуде. Өтемақы мәселесі Bek Air компаниясының бұғатталған мүлкінің тағдыры шешілген соң азаматтық сотта қаралады.

