Танымал спорт журналисі Аслан Қаженов Париж Олимпиадасынан хабар таратып, не түйгенін, Қазақстан неден шалыс басқанын айтты, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Оның сөзінше, бұл мәселе жүйеге тікелей байланысты.
«Нәтиже бермеген федерациялардың ісін майшаммен қарау керек. Ол жерде спортшыны жамандаймыз, бапкер жаман. Өйткені жарыс алаңынан көретініміз — сол. Мәселе жоғары жақта. Федерациялардың басшыларын білесіздер, бай, олигарх, қалталы азаматтар отыр.
…Бокс, теннис, жеңіл атлетика, велоспорт ұятқа қалдырды. Бөлінген ақша өте көп. Спортта 20 күнде үлкен өзгерістер болмаса, онда кешігеміз, Лос-Анджелесте де осылай жүреміз. Өйткені бұған дейін солай келдік. …Бізде министр өте көп ауысады. Токиодан бері 4 министр ауысты. Қазір кімнен сұрарымызды білмейміз. Кім кінәлі?» — деді спорт журналисі.
Сонымен қатар, журналист теннисшілер Путинцева мен Рыбакинаға қатысты пікір білдірді.
«Рыбакина да, Путинцева да Америка ашық чемпионатына қатысып жатыр. Өте өкінішті. Путинцева екінші айналымға шығыпты, бірақ бәрі «жарияламаңдар, олардың жеңісі керек емес» деп жазып жатыр. Рыбакина бұған дейін де ел үшін болатын жарыстарға қатыспай қалады. Басы ауырады, іші ауырады. Осы жолы да тақалғанда жарақат деп айтып тұр. Жеребеге қатысқан, қарсыласы анықталып қойған. Путинцева да сол. Осы жолы қатты қапа қылды. Рыбакинаны ақтағандар бар. Қазақ тілді журналистер. Мына жерде ақтауға келмейді. Рыбакинаны ақтап алуды сатқындық деп есептеймін. Ел көріп тұр ғой», — деді ол.