Президент Тоқаев Иран аумағынан Әзербайжанның Нахшыван қаласына жасалған дрон шабуылын қатаң айыптады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың мәлімдеуінше, Тоқаев әлгі әрекетті бауырлас әрі одақтас Әзербайжанға қарсы бағытталған акті деп атаған.
Мемлекет басшысы оқиғаның жан-жақты және объективті тергеліп, Теғранмен бірлесе дипломатиялық жолмен шешілуіне үміт білдірді. Ол шиеленістің одан әрі ушығуына жол бермеу керектігін атап өтті.
Еске салсақ, бұған дейін Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі Иран аумағынан ұшырылған екі дронның Нахчыван автономиялық республикасына кіріп, бірі әуежай терминалының ғимаратына, екіншісі Шакарабад ауылындағы мектеп маңына құлағанын мәлімдеген. Шабуыл салдарынан төрт адам жарақат алды.
Әзербайжан президенті Ілхам Әлиев оқиғаны «лаңкестік әрекет» деп бағалап, Теғраннан ресми түсініктеме беруді талап етті.
Ал Иранның сыртқы істер вице-министрі Казем Гарибабади Ислам Республикасы көрші елдерге шабуыл жасамайтынын айтып, оқиғаны «арандату әрекеті» деп сипаттады.
Артынша елдің Ташкенттегі елшісі көлемді сұхбат беріп, АҚШ пен Израильге қатысты тың мәліметті жария еткен еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







