Бүгін Кәсіпкерлік кодекстің қабылдануына 10 жыл толуына орай Алматы қаласындағы “Narxoz” университетінде конференция өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, бизнес-қауымдастық, сарапшылар мен академиялық орта қатысты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Конференцияда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» Демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев сөз сөйлеп, Кәсіпкерлік кодекстің қабылдану тарихына, оның құқықтық эволюциясына және қазіргі экономикалық саясаттағы рөліне кеңінен тоқталды.
Өз баяндама басында ол қазанның 29 күні қазақстандық бизнес-қауымдастық алғаш рет өзінің кәсіби мерекесі – Кәсіпкерлер күнін атап өткенін еске салды. 2015 жылдың дәл осы күні Кәсіпкерлік кодекс қабылданған болатын, бұл құжат отандық бизнестің құқықтық іргетасы болуға бағытталғанын айтты.
Азат Перуашевтың айтуынша, конференция өтіп жатқан залда Кодекстің қабылдануына сүбелі үлес қосқан тұлғалар – Берік Имашев пен Зауреш Баймолдина отыр. Ол «Ақ жол» Демократиялық партиясы атынан оларды және барлық қатысушыларды осы атаулы күнмен құттықтады.
Депутат атап өткендей, аталмыш кодекс азаматтық және әкімшілік құқықтан өсіп, өніп шыққан кәсіпкерлік құқық саласы эволюциясының нәтижесі болды. Пост-кеңестік кеңістіктегі «Жеке кәсіпкерлікті қорғау және қолдау туралы» алғашқы заңнама 1992 жылдың 4 шілдесінде пайда болды.
Оның айтуынша, тәуелсіздік алып, нарықтық экономикаға көшкенге дейін кәсіпкерлерді «алыпсатарлар», «фарцовщиктер», «цеховиктер» деп атағаны олардың буынының есінде. 80-ші жылдардың аяғы мен 90-шы жылдардың басында бұрынғы КСРО-да өз бастамасына арқа сүйеп табыс тапқан адамдар көп жағдайда ұзақ мерзімге темір торға тоғытылып жатты, тіпті өзінің кәсіпке деген икемімен аса ірі көлемдегі табыс тапқаны үшін ату жазасына кесілгендер де болған.
Сондықтан, оның сөзінше, алғашқы заңның революциялық маңызы – кәсіпкерлікті экономика мен қоғамда маңызды позитивті функциялар атқаратын әлеуметтік-экономикалық құбылыс ретінде тануында жатыр. Жүздеген мемлекеттік зауыттар мен мекемелер жаппай жабылып жатқан жылдарда Қазақстан түрлі сынақтан сүрінбей өтіп, өз отбасының тағдырын өз қолына алып, өзгелерді жұмыспен қамтып, мемлекет бюджетін толықтырған бұл энтузиастардың маңыздылығын алғашқы болып түсініп, бағалай білді. Одан бөлек, сол заңның өзі заңды кәсіпкерлікке тосқауыл қойғаны үшін жауапкершілік көздеген болатын.
Азат Перуашев өз сөзінде 2005 жылы «Жеке кәсіпкерлік туралы» Заң қабылданғанын еске салды. Бұл заң бизнес бірлестіктердің заң сараптамаларына деген құқығын, сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың нақты түрлерін алып, тексерулерді прокуратура органдарында міндетті тіркеу арқылы артық әкімшілік қысымнан (яғни, санкциялау) қорғану құқығын қамтамасыз етті. Алайда, кейіннен негізсіз тексерулерден қорғаудың дәл осы нормасы іс жүзінде көптеген мемлекеттік органдар пайдасы үшін ығыстырылғанын атап өтті.
Сонымен қатар, бизнесті реттейтін және шектейтін әртүрлі шаралар жүздеген басқа заңдарға бөлініп тасталды; бұл нормалар көп жағдайда «Жеке кәсіпкерлік туралы» Заңына қайшы келді, себебі оларды ведомстволық мүдделерді көздейтін салалық мемлекеттік органдар ілгерілетіп отырған.
Осыған байланысты, Перуашевтың айтуынша, сонау 2008 жылы олардың командасы (ол кезде «Атамекен» одағы құрамында) кәсіпкерлік туралы заңнаманы кодификациялауды талап еткен болатын.
Алғашында Үкімет бұл бастамаға қарсы болды. Шенеуніктерді кәсіпкерлердің қызметін реттейтін нормаларды (әртүрлі заңдарда шашырап жатқан) бір құжатта жүйелеу қажеттілігіне сендіру үшін бірнеше жыл қажет болды.
Тек 2011 жылы ғана Әділет министрлігі Кәсіпкерлік кодексінің бірінші нұсқасын ұсынды. Алайда бизнес өкілдері мен «Ақ жол» тарапынан бұл нұсқа бизнесті қорғаудың орнына, тыйым салулар жиынтығын құрағаны үшін сынға ұшырады. Кейін мемлекеттік органдар мұндай кодекс идеясына ара-тұра тосқауыл қоюға әрекеттеніп, олармен ұдайы дауласуға тура келді. Мысал ретінде ол 2012 жылы Әділет министрлігінің «Кәсіпкерлік саласындағы заңнаманы жүйелеу» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясын атап өтті.
Сондай-ақ, ол кейбір қарсыластар халықаралық тәжірибеде мамандандырылған кәсіпкерлік кодекстері мен кәсіпкерлік құқық саласының жоқтығын алға тартқанын айтты. Депутаттың пікірінше, мұндай тұжырымдар қате.
Ол Францияда Коммерциялық кодекс (Code de commerce) бар екенін, онда компаниялар, келісім-шарттар, бәсекелестік, төлем қабілетсіздігі және сауықтыру, коммерциялық арбитраж және соттар туралы ережелер қамтылатынын мысалға келтірді. Германияда мәмілелердің түрлерін, кәсіпорындардың түрлерін, есеп беруді, бәсекелестікті қорғауды және т.б. реттейтін коммерциялық кодекс (Handels gesetz buch) бар екенін, Түркияда Сауда кодексі (Turk Ticaret Kanunu) осыған ұқсас мәселелерді реттейтінін атап өтті.
Бұл елдерде коммерциялық (кәсіпкерлік) құқық коммерциялық қатынастардың және, атап айтқанда, бизнес пен мемлекет арасындағы қатынастардың ерекшелігіне байланысты азаматтық құқықтан өсіп шыққан. Ұқсас тәсілдер посткеңестік елдерде де кең тараған – Украинадағы Шаруашылық кодексі, Беларусьтегі Шаруашылық-процессуалдық кодексі, Өзбекстанда былтыр қабылданған Кәсіпкерлік қызмет кодексі және т.б.
Сондықтан кейбір оппоненттердің кәсіпкерлік заңнаманың негіздемесі жоқтығына сілтеме жасауы нарықтық шындықты және заманауи қоғамдағы бизнестің жасампаз рөлін түсінбейтіндігін көрсетеді деп түйіндеді ол.
Азат Перуашев бірлескен күш-жігердің арқасында осыдан 10 жыл бұрын осы мәселеге қатысты ретроградтықты жеңіп, алға маңызды қадам жасағандары үшін Үкімет пен Әділет министрлігіндегі әріптестеріне алғыс білдірді.
Оның айтуынша, 2014 жылдың желтоқсанында Кодекстің үшінші нұсқасы Мәжіліске түсті, ол кезде «Ақ жол» демпартиясының фракциясы Мәжілісте жұмыс істеп жатқан еді. Осы заң жобасы бойынша жұмыс тобын басқару Азат Перуашевқа жүктелді. Бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы қызу талқылаулар мен пікірталастардан кейін құжаттың 70 пайызы қайта өңделді.
Сол арқылы құқықтың жаңа саласы – кәсіпкерлік құқық пайда болды. Бизнесменнің кінәсіздік презумпциясы түсінігі қалыптасты. Мемлекеттік органдардың талаптары бойынша кез келген күмән немесе нақты жағдайлардың заңнамада реттелмегендігі кәсіпкердің пайдасына шешілуі керек деген қағида бекітілді. Бұрын бақылаушы органдармен барлық қарым-қатынаста кәсіпкер сөзсіз кінәлі деп саналатын.
Кәсіпкерлік кодекстің нормалары мен өзге де құжаттардың арасында қайшылықтар болған жағдайда осы кодекстің нормалары қолданылуға тиіс екені айқындалды. Бұл туралы егжей-тегжейлі ақпарат «Ақ жол» партиясының ресми материалдарында да баяндалған.
Депутат бұл кодекске бастамашы болып, оны дамытуға және қабылдауға «Ақ жол» демпартиясындағы, бизнес-қауымдастықтардағы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасындағы әріптестер және көптеген Парламент депутаттары зор үлес қосқанын атап өтті.
Ол Үкіметтің позитивті тәсілдерін қолдай отырып, басы артық әкімшілік кедергілерді жоюға ұмтылғандарын айтты. Нәтижесінде жоба негізінен қайта жазылып, 1,5 мыңнан астам түзетулер енгізілді, бұл Үкіметтің бастапқы нұсқасын қайта өңдеудің тереңдігін көрсетеді.
Азат Перуашев жоғарыда атап өтілгендей, кодекстің негізгі нормасы кәсіпкердің адалдық презумпциясы болып табылатынын тағы бір рет баса айтты: мемлекеттік органдар басқа нұсқалар дәлелденгенге дейін бизнес есептерінің дұрыстығын басты назарға алуы керек.
Қолдау шараларын тек шағын (бұрынғы заң бойынша) ғана емес, сонымен қатар орта кәсіпкерлікке де қолдануды кеңейту және басқа да көптеген новеллалар маңызды жаңалықтар болды.
Ол Кәсіпкерлік кодекс бизнестің құқықтық негіздерін біріктіріп, жүйелейтін жаңа құқықтық философияға айналғанын атап өтті. Онда:
- Кәсіпкерлік қызметтің жалпы принциптері – еркіндік, әділдік, субъектілердің заң алдындағы теңдігі;
- Бизнесті мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен қорғау кепілдіктері;
- Мемлекеттік реттеу және қадағалау тәртібі;
- Бәсекелестік және монополияға қарсы нормалар;
- Субсидиялар, гранттар және жеңілдіктер механизмдерін қоса алғандағы мемлекеттік қолдау шаралары және т.б. көрініс тапқан.
Заңнамаға алғаш рет мемлекет пен бизнес арасындағы серіктестіктерді тең құқықты тараптар ретінде айқындайтын бөлім енгізілді. Бұл түзету мемлекеттік және жеке меншіктің теңдігі туралы Конституцияның 6-бабына негізделген.
Азат Перуашев Кәсіпкерлік кодекс мемлекеттің экономикалық саясатында іскерлік әлеуетті жұмылдыру және қоғамда нарықтық менталитетті қалыптастыру, тәуелділік психологиясын еңсеру үшін жағдай жасауда аса маңызды рөл атқарғанын толық сеніммен айтуға болатынын жеткізді.
Оның айтуынша, осы жылдар ішінде ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесі 25%-дан 40%-ға дейін өсті, бұл шикізаттық экономикадан кетіп, сервистік модельге көшу үшін өте маңызды. Иә, ШОБ субъектілерінің 6%-дан азы өндіріспен айналысады, бұл айтарлықтай теңгерімсіздікті және экономика үшін сын-тегеуріндердің барын көрсетеді.
Дегенмен, шағын бизнес (бизнес субъектілердің басым көпшілігі) дәстүрлі түрде ең алдымен сауда және қызмет көрсету салаларында, сонымен қатар креативті секторда қызмет етеді. Сонымен қатар, ШОБ-тың негізгі мақсаты – жұмыс орындарын құру және халықты ұлттық табысты қайта бөлуге тарту болып табылады. 2015 жылы ШОБ-тағы жұмыспен қамтылған азаматтардың саны жалпы үлестің 37 пайызын құраса, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 45 пайызға жетті.
Соған қарамастан, оның айтуынша, кәсіпкерлікті дамыту және жеке бастаманы ынталандыру мәселелері әлі де сақталуда. Бұл проблемалар ШОБ құрылымындағы теңгерімсіздікпен және мемлекеттік органдардың Кәсіпкерлік кодекс талаптарын айналып өту әрекеттерімен байланысты.
Жақында ғана «Ақ жол» фракциясы тағы бір заң жобасы аясында Кодекске өзгеріс енгізу туралы ұсыныстың күшін жоюға қол жеткізген. Мұндай әрекеттер жиі жасалатынын да атап өтті.
Президент Қ.Тоқаев атап өткендей, 21 кодекс пен 300-ден астам заңда кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін, Кәсіпкерлік заңнамасына қайшы нормалар тағы да жинақталып қалған. Сондықтан Мемлекет басшысы «заңнамаларды кәсіпкерлердің сұранысына бейімдеу жұмыстарын жүргізуді» тапсырғанын, Кәсіпкерлік кодекске сәйкестігіне нормативтік құқықтық актілерді қосымша қайта қарау арқылы міндетті талаптар Тізілімін енгізуді жеделдету қажеттігін айтқанын еске салды.
Ол Жаңа Салық кодексі ережелер мен рәсімдерді жай ғана өзгертіп қоймай, жаңа менталитет қалыптастыруы керектігін, мемлекеттің адал салық төлеушілердің мүддесін қорғауға тиіс екенін Президент баяндамасынан келтірді.
Азат Перуашевтың ойынша, мысалы, жаңа Салық кодексінің салық төлеушілердің тәуекелдерді басқару критерийлерінің құпиялылығы және АСР төлеушілерінің (B2B) заңды тұлғалармен келісімдері шығыс есептілікке жатқызылатыны туралы нормалары Кәсіпкерлік кодекспен айқын қайшылыққа келеді – себебі Кәсіпкерлік кодексі барлық дүдәмалдарды кәсіпкердің пайдасына жазуды көздесе, бұл нормалар, керісінше, мемлекеттік органдардың бизнеске қатысты негативті болжамдарынан туындайды.
Мемлекеттік сатып алу және «Самұрық-Қазына» қоры туралы заңнамада да бизнеске кедергілер бар, бұл Президенттің «Экономиканы ырықтандыру туралы» Жарлығына да қайшы келеді.
Осы Жарлықты жүзеге асыру мақсатында «Ақ жол» фракциясы екі немесе одан да көп жеке кәсіпорын қатысқан жағдайда квазимемлекеттік кәсіпорындардың мемлекеттік сатып алуларға қатысуына тыйым салатын түзету енгізген. Парламент бұл норманы қабылдап, Президент оған қол қойғанымен, заңнамалық актіде бұл норма Үкімет тарапынан бұрмаланып шыққанын, ұлттық компаниялар мен олардың еншілес ұйымдары мемлекеттің әкімшілік және қаржылық мүмкіндіктеріне арқа сүйеп, сол күйі кәсіпкерлердің адал нанын тартып алып отырғанын атап өтті.
Қылмыстық кодексте күштік құрылымдар рейдерлік және бопсалау үшін пайдаланатын ҰҚТ дегенді қате түсіну мәселесі де сақталуда. Ресми лауазымдарды бөлуге ғана құралған мұндай айыптаулар арқылы кәсіпкерлер тиісті “куәлік” бермегенге дейін бір-бір жарым жыл қамауда ұстауға мүмкіндік бар екенін айтты.
Оның сөзінше, «Ақ жол» фракциясы кәсіпорындардағы қызметтік міндеттер ҰҚТ белгілері болып танылуы мүмкін еместігі жөнінде Қылмыстық кодекске өзгеріс енгізді, оны Парламент қабылдап, ұқсас шешімді Конституциялық сот та шығарды. Алайда, тергеу органдары мен соттар Жоғарғы соттың нормативтік қаулысы қажет деген желеумен бұл шешімдерді әлі де елемей отыр, ал ҚР ҚК баптары мен Конституциялық соттың қаулысы тікелей орындалуы тиіс.
Сондай-ақ, Президент Жолдауында айтылған “… мемлекеттік органдар бизнеске қатысты ескерту шараларының орнына әлі де қатаң әкімшілік шешімдер қабылдауда. Бұған жол беруге болмайды” деген сөздерін келтіре отырып, «Ақ жол» фракциясы кәсіпкерлерді ескерту шараларынсыз жауапкершілікке тартуға тыйым салу мен мұндай айыппұлдар көлемін төмендету туралы заң жобасын әзірлегенін, құжат ресми түрде Мәжілістің заңнама комитеті мен Үкіметтің қорытындысына жолданғанын айтты.
Оның пікірінше, заң нормаларын Кәсіпкерлік кодекске сәйкестендіру бойынша мұндай мысалдар өте көп – техникалық реттеу заңнамасынан бастап өлшем құралдарының бірлігіне дейін.
Азат Перуашев жұмыс жалғасып жатқанын, Президенттің тапсырмасына сәйкес Үкімет жақын арада заңдарды Кәсіпкерлік кодекске сәйкестендіру туралы заң жобасын Парламентке енгізуге тиіс екенін атап өтті. Әлбетте, Кодекстің өзі де тиісті нақтылаулар мен толықтыруларды қажет етеді. Оның аясын тарылтып, кәсіпкерлер құқығын шектеу әрекеттері де жасалуы мүмкін екенін жоққа шығармады.
Ол «Ақ жол» фракциясы ШОБ мүддесі үшін бұл күреске барынша қатынасатынын айтты.
Заң шығару үдерісін Азат Перуашев әр тарап – мемлекеттік органдар мен бизнес – өз тәсілдерін қорғауға тырысатын жанды үрдіс ретінде сипаттады. Депутаттың айтуынша, олардың басымдығы – экономиканың еркін дамуы мен өсуі, жаппай кәсіпкерліктің рөлін күшейту, қолайлы іскер климат пен тартымды инвестициялық жағдай жасау.
Сөзінің қорытындысында ол Кәсіпкерлік кодекс азаматтардың өз өмірін табысты және прогрессивті етуге заңды ұмтылысы ретіндегі нарықтық экономиканы қорғаудың берік негізі болып табылатынын атап өтті.
Аталмыш конференцияны ұйымдастырған “Narxoz” университетіне Азат Перуашев алғысын білдірді.

