Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевты жауапқа тарту керектігін айтты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутаттың сөзінше, Назарбаев 30 жыл ел билеген кезде болған әділетсіздіктер, заңсыздықтар үшін халық алдында ашық түрде жауап беруі тиіс. Ол бұрынғы президенттің билік басындағы кезеңін «авторитарлық жүйенің сұрқай мұрасы» деп бағалады.
«Назарбаев елді дамыттым деп мақтанды да, артына қарамай кете барды. Ал одан қалған жүйе ел байлығын талан-таражға салып, оппозиция өкілдерін қудалады.
Тіпті саяси қайраткерлерге қарсы жасалған түрлі қастандықтар бар. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев осы және басқа да мәселелер бойынша халыққа ашық жауап беруі қажет.
Жүйелі түрде өткеннің қателіктерін саралап, нақты бағасын беру керек», – деді депутат Airan media-ға берген сұхбатында.
Ермұрат Бапи бұған дейін де Назарбаевтың шетелдегі есепсіз байлығы мен Ресейдің Қазақстанға ықпалы туралы ашық пікір білдірген болатын.
Бұдан бөлек…
Сондай-ақ ол Қазақстаннан шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтару бойынша арнайы комиссия құрылғанын, бірақ оның жұмысы қоғамнан жасырын түрде жүргізіліп жатқанын жеткізді.
«Комиссия құрамында Мәжілістен екі депутат, Сенаттан бір депутат және қоғам өкілдері бар. Бірақ оның қызметі жабық болғандықтан, нақты қандай активтер кімнен және қалай қайтарылып жатқанынан хабарымыз аз. Өзім бірнеше рет депутаттық сауал жолдап, халықты ашық ақпараттандырып отыру қажеттігін талап еттім. Дегенмен әлі күнге дейін ақпарат там-тұмдап, анда-санда бір шенеуніктің аузымен ғана шығып отыр», – деді Бапи.
Оның айтуынша, шетелден қайтарылған активтер Үкіметке тиесілі арнайы ЖШС-ге түседі. Барлық қаржының айналымы осы жерде жүргізіледі. Бірақ бұл процестің ашықтығына қатысты депутаттың да, қоғамның да сұрағы көп. Қазіргі таңда депутаттың қолына бұл жөнінде тек сенімділігі белгісіз инсайдерлік ақпараттар ғана түсіп отыр.
Айтқандай Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовке рақымшылық жасалмайтын болды. Тағы сол Бапи Бапи Мәсімовке үндеу жолдап, оған Қаңтар оқиғасының шынайы ұйымдастырушылары туралы мәлімдеме жасауды ұсынған еді.

