Президент Тоқаев өз кітабында Сингапурдің тұңғыш премьер-министрі, әйгілі реформатор Ли Куан Ю туралы айрықша тебіреніспен жазған деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сингапурде дипломаттық қызмет атқарған жылдарын еске ала отырып, Мемлекет басшысы осы бір кішкентай елдің саяси ерекшелігі туралы ой бөліседі.
Тоқаев Сингапурда қызмет еткен жылдары Ли Куан Юмен бірнеше мәрте кездескен. Оның есте алғанындай, Ли Куан Юдің бойынан нағыз патриотизм мен британдық саяси мәдениет сезіліп тұратын. Оксфордта білім алған Ли Куан Ю өзінің ағылшындық тәрбиесін ешқашан жасырмаған.
«Бірде ол: «Менің сыртқы келбетім ғана қытайлық. Айнаға қараған кезімде ғана есіме аламын. Ал негізінен мен – ағылшынмын» деп әзілдеп еді», – деп еске алады Тоқаев.
Ли Куан Ю Кеңес Одағына ешқашан жылы қабақ танытпаған.
1972 жылы Мәскеу мен Тбилисиге жасаған сапарында ол кеңестік сервис мен шенеуніктердің мінез-құлқына көңілі толмағанын ашық жазған. Ел мақтаған дәстүрлі грузин қонақжайлығы да Юге жабайы көрінген.
Кейінірек Михаил Горбачевпен кездесуінде де КСРО-ның басшысына сын көзбен қарап, оның елдегі жағдайды толық түсінбейтінін байқайды.
«Ли Куан Юмен кездесуге барғанымызда ол маған ерекше ілтипат көрсететін. Бәлкім, менің азиялық келбетім және қытай тілін білуім оның көңілінен шыққан шығар», – дейді Тоқаев.
Тоқаевтың айтуынша, Сингапурда қызмет еткен кезінде осы елдің саясатындағы екі нәрсеге ерекше назар аударған: білім беру мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес.
«Сингапурде екі ірі университет болды: бірі – қытай тілінде оқытатын Наньян университеті, екіншісі – ағылшын тілінде білім беретін Сингапур университеті. Екі университет те мықты мамандар даярлады. Бірақ үкімет бұған тоқмейілсімей, білім жүйесін үздіксіз жетілдіріп отырды. Ли Куан Ю студенттермен жиі кездесіп, әлемнің озық білімдерін игерудің маңызын шаршамай-шалдықпай айтатын», – деп жазады Тоқаев.
Кеңестік дипломаттарға ел басшысының жастармен ашық әңгімелесуі біртүрлі көрінетін. Өйткені, сол кезде КСРО басшысын олар тек съез бен пленумдардан ғана көріп үйренген еді.
Сингапурде жемқорлықпен күрес жайында Тоқаев:
«Сингапур жемқорлықты тоқтату үшін қатаң заңдарды қабылдады және мем.қызметкерлердің жалақысын күрт көтерді. Бір қызығы, премьер-министрдің өзі АҚШ президентінен екі есе көп жалақы алатын. Соған қарамастан, олар өте қарапайым болатын», – дейді.
Президенттің айтуынша, Назарбаевтың 1996 жылғы Сингапур сапарында премьер-министр Го Чок Тонг пен оның министрлерінің қарапайым киімі, үкімет отырыстары өтетін ғимараттың жұпынылығы таң қалдырған.
«Үкімет отырыстары өтетін үй-жайдың қарапайымдығы да көзге ұрып тұрды: үлкен жартылай сопақша үстел, онда-су құйылған графин, жай ғана блокноттар және министрлердің әрқайсысына арналған екі-екіден қарындаштар қойылыпты», — дейді Тоқаев.
Сондай-ақ, Сингапурде жемқорлыққа қатысы бар шенеуніктерді халық қатты жек көретінін де атап өтеді.
«Сингапурде билік құрылымдарында жемқорлықтың жолын кесудің тағы бір тиімді құралы: лас ақшамен қолын былғаған адамдарға қатысты қоғамдық жек көру (қуғын) жазасы қолданылады. Қазынаны ұрлаумен немесе пара алумен қолға түскен шенеуніктердің болашағы жоқ.
Қылмыстық қудалауға түсуден басқа, өзіне жақын адамдардың ғана емес, бүкіл ел көлемінде адамдардың құрметінен айырылып, қоғамнан қуғындауға ұшырайды. Мұндай қатаң тәртіптің арқасында Сингапур үкіметі әлемдегі ең кәсіби әрі таза үкімет ретінде танылды», – деп түсіндіреді Тоқаев.
«Ли Куан Ю темекі тұқылын көшеге тастаған адамға 500 доллар айыппұл салуды, қоғамдық орындарда сағыз шайнауға, жігіттердің шаш өсіруіне, құмар ойындарға қатаң тыйым салуды бұйырды. Бұл тәртіп шетелдіктерді ерекше қызықтырып, Сингапурді туристердің мекеніне айналдырды», – дейді ол.
Президент Тоқаевтың айтуынша, Сингапур бүгінгі таңда да ерекше сәулетімен, инфрақұрылымымен және тазалығымен бүкіл әлемді таң қалдырып отыр. Ол бұл жетістікті «Сингапур ғажайыбының» негізін қалаушы Ли Куан Юдің көреген саясатының жемісі деп бағалайды.
(Материал президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Нұр және көлеңке» кітабының негізінде әзірленді).