Саясат Нұрбек Назарбаев университетіндегі арандатудың артында Шигео Катсудың өзі тұруы мүмкін екенін меңзеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Үкімет отырысынан кейін журналистер Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектен Назарбаев университетінің бұрынғы басшысы Шигео Катсуға қарсы арыз дайындап жатқаны жайлы сұрады.
Министр Шигео Катсудың бұған дейін жасаған мәлімдемесі шындыққа жанаспайтынын атап өтті.
«Катсудың сол кездегі сөзі шындық емес, ол университеттің беделіне нұқсан келтірді. Қазір осындай ақпаратты сенімсіз дереккөздер көптеп таратып жатыр.
Ал беделді басылымдар ондай материалдарды фактчекинг арқылы тексереді. Назарбаев университетінің Катсуға қарсы сотқа арыз беруі сол университеттің ішкі шаруасы. Олар жеке заң бойынша жұмыс істейтін автономды оқу орны.
Министрлік өз тарапынан Катсуға қатысты сот ісіне араласпайды, бірақ қажет болса университетке қолдау көрсете аламыз», — деді министр.
Ақпараттық шабуылдың артында кім тұр?
Журналистердің Назарбаев университетіне қатысты ақпараттық шабуылдың себебін сұраған сауалына министр Саясат Нұрбек нақты болжамын айтты.
«Біздің болжамымызша, бұл шабуылдардың артында Катсудың айналасындағы адамдар тұр. Ол кеткенімен, университет ішінде бұрынғы командасынан көптеген адам қалды. Қазір іштен ірітетін түрлі арандату әрекеттері байқалады. Осы жағдайлар дәл Катсу мырзаның мәлімдемесінен кейін күшейді. Бұл шабуылдарды еңсереміз деп ойлаймын. Дегенмен, министрлік те, үкімет те университеттің ішкі мәселесіне тікелей араласа алмайды», деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Назарбаев университетінің бұрынғы басшысы Шигео Катсу өзінің отставкаға кетуін саяси қысыммен байланыстырған.
Ол билік университеттің академиялық еркіндігіне қауіп төндіріп отырғанын мәлімдеп, былтыр күзде қызметінен кеткен еді. Катсу әлі де университеттің қамқоршылық кеңесінің құрамында.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

